Қазақ поэзиясының саңлағы: Алматыда Марфуға Айтқожинаның мерейтойы өтті
Ақын поэзиясында ұлттық рух, сан түрлі сезім мен рухани құндылықтар көрініс тапқан
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ерекше қолтаңбасы мен өзіндік лирикалық үні бар ақын Марфуға Айтқожина 90 жасқа толды. Мерейлі датаға орай Алматыда қала әкімдігінің ұйымдастыруымен қаламгердің шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Жыр аққуы – Марфуға» деп аталған мерейтойлық концерт ақынның бай шығармашылық мұрасына қайта үңіліп, оның сыршыл поэзия әлеміне бойлауға және сан қырлы талантын тереңірек танып-білуге мүмкіндік берді.
Іс-шара аясында қазақ өнерінің танымал өкілдері өнер көрсетіп, мерейтой иесіне арнап арнайы әзірленген шығармашылық бағдарламаны ұсынды.
«Халқының жүрегінен орын алса, ақында одан артық қандай арман болсын? Соның дәлелі – қалалық әкімдік ұйымдастырып жатқан кеш. Бұл менің шығармашылығыма арналып отыр», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы Марфуға Айтқожина.
Марфуға Айтқожинаның шығармалары нәзік сезімге, терең толғанысқа, туған жерге деген шексіз сүйіспеншілік пен атамекенге деген сағынышқа толы.
Ақын поэзиясында ұлттық рух, сан түрлі сезім мен рухани құндылықтар көрініс табады. Бүгінде қаламы қарымды қаламгердің шығармашылығы қазақ әдебиетінде өшпес іс қалдырып, оқырмандарының жүрегінен орын тауып келеді.
«Сіздің жүріп өткен жолыңызда бір дәуірдің тынысы, тұтас ұрпақтың ізденісі, қазақ әдебиетінің өсіп-өркендеу тарихы жатыр. Алматының әдеби ортасы мен мәдени өміріне қосқан үлесіңіз де қаламгерлік мұраңыздың маңызын арттыра түсуде. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, бақ-береке тілейміз. Жырмен өрілген өміріңіздің шуағы молайып, халқымыздың ыстық ықыласына бөлене беріңіз», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда ғылым мен технологиялық саясат қалай дамып жатыр