Бейжің-2022 – Қазақстанның жүлдесіз қалған үшінші Олимпиадасы

ҚазАқпарат
ҚазАқпарат
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Төрткүл дүние көз тіккен Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындары да өз мәресіне жетті. Өкінішке қарай, бұл Қазақстан спортшылары үшін тәуелсіздік алғаннан кейінгі жүлдесіз қалған үшінші Олимпиадасы болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бейжіңге ең таңдаулы деген 34 атлетімізді аттандырған болатынбыз. Олар - қысқы спорт ойындарының ішінде спорттық шаңғы жарысы, фристайл-могул, шаңғы акробатикасы, тау шаңғысы, шаңғымен секіру, биатлон және шорт-трек түрлерінен ел намысын қорғады. Осы спорт түрлерінің арасында тек шорт-трекшілеріміз ғана Бейжің Олимпиадасында өздерінің ең жоғарғы көрсеткішін көрсете білді. Абзал Әжіғалиев 500 метр қашықтықта медальға сынық сүйем жетпей, Олимпиада ойындарын 4-ші орынмен аяқтады. Ал 1500 метр қашықтықта Әділ Ғалиахметов 8-ші орынға табан тіреді. Сондай-ақ, этафеталық сында тағы да шорт-трекшілеріміз 5-орынға қол жеткізді. Бұл Қазақстан ұлттық құрамасының Бейжің Олимпиадасындағы ең үздік көрсеткіштері ретінде тарихта қалмақ. 

Енді өткен тарих беттеріне қайта бір үңілсек, Қазақстан ұлттық құрамасы 2002 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен XІХ және 2006 жылы Италияның Турин қаласындағы XХ Ойындарында екі рет осылай жүлдесіз қалған болатын. Қысқы Олимпиада ойындары тарихында қазақстандықтар арасынан алғашқы медальді қостанайлық шаңғышы Иван Гаранин Кеңес Одағы кезінде жеңіп алған. Ол 1976 жылы Инсбрук қаласында өткен XII Олимпиада ойындарында екі қола медаль еншілеген болатын. Ал 1988 жылы Калгариде өткен XV Олимпиада жарыстарында шаңғышылар Владимир Саханов - күміс, Владимир Смирнов қос күміс пен қола медальға қол жеткізді. Алайда, бұл жүлделер ел егемендігіне дейін болғандықтан көп жағдайда жиі айтыла бермейді. Қазақстан 1994 жылы тұңғыш рет тәуелсіз мемлекет ретінде Ақ Олимпиадада бақ сынап, көк туымызды төртжылдық доданың төрінде желбіретті. XVII Қысқы Олимпиада ойындарында ел құрамасы қанжығасына 1 алтын, 2 күміс медаль салып қайтты. Бұл үш медальдың үшеуін де шаңғышы Владимир Смирнов алып берді. Осы жүлделердің арқасында еліміз жалпыкомандалық есепте 12-орынға тұрақтады. Міне, сол уақыттан бері Қазақстан спортшылары Қысқы Олимпиада ойындарынан бірде-бір алтын жүлде ала алмай келеді. 1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында өткен XVІІІ Ойындарға тағы да шаңғышы Владимир Смирнов қатысып, «қола» еншіледі. Сондай-ақ конькимен жүгіруші Людмила Прокашеваға да қола медаль бұйырды. 

Ал, 2002 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен XІХ және 2006 жылы Италияның Турин қаласындағы XХ Ойындарда отандастарымыздың ешбірі жеңіс тұғырынан көріне алған жоқ. Ал 2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласында жалауы желбіреген ХХІ Қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандық биатлоншы Елена Хрусталева жекелей сында күміс медальді жеңіп алды. 2014 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен Қысқы ойындарда мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен қос бағдарлама бойынша 255,1 ұпай жинап, Қазақстан қоржынына қола жүлдені салды. 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен ойындарда Юлия Галышева фристайлдың могул түрінен бір қола медальға қол жеткізді. 

Қазақстанның Қысқы Олимпиада ойындарында алған медальдар саны: 1994 жыл: 1 алтын, 2 күміс медаль 1998 жыл: 2 қола медаль 2002 және 2006 жылдары жүлде болған жоқ 2010 жыл: 1 күміс медаль 2014 жыл: 1 қола медаль 2018 жыл: 1 қола медаль 2022 жыл: Жүлде алған жоқ. Жалпы Қазақстан қысқы Олимпиада ойындарынан ұзын-саны 8 медаль жеңіп алған. Оның біреуі - алтын, үшеуі - күміс, төртеуі -қола медаль.


Новости партнеров