|
12.02.2019 | 18:32
2769

Қазақстанда 500-ден астам елдімекенді су басу қаупі бар

Су тасқынын болдырмас үшін еліміз бойынша 3 млн текше метр қар тазаланған

Қазақстанда 500-ден астам елдімекенді су басу қаупі бар Tengrinews.kz

Жаңа Ішкі істер министрі тағайындалмай тұрып, экс-министр Қалмұханбет Қасымов Үкімет отырысына қатысып үлгерді. Бүгінгі жиналыс өзекті, күн тәртібіне көктемгі су тасқыны мәселесі шығарылды.

Бұрынғы министр көктемде 500 елдімекенге тасқын және су алу қаупі төніп тұрғанын айтты. Ішкі істер министрлігі, оның ішінде төтеншеліктер дәл осы жиында Үкімет басшысы тарапынан сынға да ұшырады. Астанадағы қайғылы жайтқа жол берген басшыларға премьер-министр қатаң сөгіс жариялап, құтқарушылар басшыларының бірін қызметінен босатты.

Экс-министрдің айтуынша, су тасқынын болдырмас үшін еліміз бойынша 3 млн текше метр қар тазаланған. Қауіптің алдын алу үшін төтеншеліктерге 17 миллиард теңгеден артық қаржы қарастырылыпты.

«Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, көктемгі су тасқыны кезінде төтенше жағдайлар қаупін азайтуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Биыл 505 елдімекенді су басу қаупі тұр. Атап айтар болсақ, Алматы облысында – 75, Шығыс Қазақстан облысында – 76, Ақмола облысында – 46, Ақтөбе облысында – 35, Қарағанды облысында – 33, Қызылорда облысында – 31, Қостанай облысында – 52, Павлодар облысында – 14, Солтүстік Қазақстан облысында – 18 елдімекен», - деп атап өтті Ішкі істер министрлігінің бұрынғы басшысы Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.

Осы жиын барысында Бақытжан Сағынтаев Астанадағы бес қыздың өлімінен кейін тілсіз жаумен күресетін жауапты органдарды сынады. Сөгіс те жариялады. Міндетіне салғырт қарағандарды қызметінен қуды.

«Өрт қауіпсіздігі және оның алдын ала жұмысын тиісінше атқармағаны, бақылау жүргізбегені үшін Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Викторович Ильинге сөгіс жариялау жөніндегі ұсынысты Президент әкімшілігіне енгізуді тапсырамын. Себебі, ІІМ орынбасары Президенттің өкімімен бекітілген. Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккерге қатаң сөгіс жариялау, Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары Барат Тұзақбаевты қызметінен босату, Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы міндетін атқарушы Марғұлан Аманбаевқа қатаң сөгіс жариялауды тапсырамын», - деді Премьер-министр Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Сондай-ақ, Премьер-министр өңірлердің өрт және су қауіпсіздігіне даярлығы туралы әкімдерден есеп сұрады. Өңір басшылары үйреншікті «барлығы жақсы» деген сарында жауап бергенімен, Үкімет басшысы бұл жауапқа қанағаттанған жоқ.

«Баяғы жартас, сол жартас деген сөз бар. Су тасқыны келеді, үйлер судың астында қалады, қыс келеді, үйлер өртеніп жатады. Ал, бәріміздің баяндамамыз керемет. Министрлер қандай кемшіліктердің бар екендігін айтты, соған сәйкес жауап беру керек. Не себептен қаржыландыру мәселесі шешілмеді? Неге берілмеді, неге іске қосылмады? Өртке не себепті жол берілді? Қандай тексеріс жүргізіліп, нендей шаралар қабылданды? Ол туралы бір ауыз сөз жоқ. Айтатындарыңыз «бәрі керемет, бәрі жақсы, қатаң бақылауда». Қандай бақылауда екенін көріп отырмыз», - деп сынады Б.Сағынтаев өңір басшыларын.

Жиынан кейін қатаң сөгіс беруге ұсынылған Ішкі істер министрінің орынбасары брифинг өткізді. Өртпен күресті сөз еткен Юрий Ильин тілсіз жауға қауқарсыз қауіпті баспана немесе лашықта адамдар тұрмауы керек деді. Осындай ұсынысты ол үкіметте жасамақ.  

«Қазіргі таңда біз республикадағы жағдайға талдау жүргіземіз. Уақытша баспананы тұрғын үй ретінде пайдаланбау туралы Үкіметке ұсыныс енгізбек ойымыз бар. Бұл мәселеде екі жақтың да –уақытша баспананы салатындардың да, оны жалға беретін қожайындардың да жауапкершілігі тең болуы тиіс», - деді Юрий ИЛЬИН.

Айта кетейік, ақпан айы басталғалы бері өрттен елімізде 12 адам көз жұмған. Олардың бесеуі кішкентай бала. Жалпы, елімізде жыл сайын 15 мыңнан астам өрт оқиғалары тіркеледі екен. Былтыр тілсіз жаудан 846 адам зардап шегіп, 434-і қайтыс болған.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир