|
13.03.2024 | 09:59
174

Стратегиялық ұстаным ортақ – Әзербайжан сарапшыларының Президент сапары туралы пікірі

Осы сапар аясында қол қойылған құжаттар екіжақты қарым-қатынастың қарқынды дамуына жол ашпақ

Стратегиялық ұстаным ортақ – Әзербайжан сарапшыларының Президент сапары туралы пікірі Ақорда

Әзербайжан халқы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы елге 12-13 наурызда жасаған мемлекеттік сапарын жіті қадағалап отырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Әзербайжан саясаттанушысы, «Каспий жағалауы кеңістігі талдау орталығының» басшысы Ильгар Велизаде Қазақстан басшысының сапарынан байқаған жағымды тұстарды атады.

«Бұл сапар екі елдің қарым-қатынасын нығайту тұрғысынан өте маңызды. Мемлекет басшылары Қазақстан мен Әзербайжан қарым-қатынасының бауырластық, достық сипаты басым екенін, дәл қазір байланыстардың барынша даму кезеңін бастан өткеріп жатқанын үнемі айтып жүр. Бүгінде бұл байланыстар стратегиялық әріптестік пен одақтастыққа негізделген. Бұл жай сөзбен емес, құжатпен қатталған», — дейді.

Оның сөзіне қарағанда, осы сапар аясында қол қойылған құжаттар екіжақты қарым-қатынастың қарқынды дамуына жол ашпақ. Оның ішінде сауда, көлік, өзара инвестиция, бизнес қауымдастықтар кооперациясы саласындағы байланыстар қамтылған.

«Екі тарап та қауіпсіздіктің ортақ жүйесін қалыптастырып, халықаралық ұйымдар аясында белсенді диалог жүргізу маңызды екенін баса айтады. Нақтырақ айтсақ, бұл жерде Түркі мемлекеттері ұйымы жетекші рөлге шығып отыр», - дейді И. Велизаде.

Ал көлік сарапшысы Рауф Агамирзоев Транскаспий халықаралық көлік маршруты арқылы жүк тасымалдау уақыт шығынын барынша азайтатынын айтады.

«Қазақстан мен Әзербайжан Президенттері келіссөздерінің қорытындысы бойынша 14 құжатқа қол қойылды. Оның ішінде кейбіреуі көлік-логистикасы саласына қатысты. Әсіресе мемлекет басшылары қатысқан телекөпірді айрықша атауға болады. Қытайдың Сиань қаласынан Әзербайжанның Абшерон стансасына контейнерлі блок-пойыздың қалай жеткеніне куә болдық. Бұл құрамдағы 61 контейнер 7 мың шақырым жолды 11 күнде жүріп өткен. Бұған дейін осы бағыттағы пойыздар 53 күн жүретін», - дейді ол.

Сарапшы қаңтар-ақпан айларында Әзербайжан теміржолы мен Қазақстан теміржолы арасындағы жүк тасымалы былтырғыға қарағанда 25 пайыз артқанын айтады.

«Бұл Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы өзара байланыстың тиімділігін көрсетеді. Транскаспий халықаралық көлік маршрутын да тартымды етіп тұр. Бұл бағытта жағымды динамика көреміз деп ойлаймын. Жүк көлемі ғана емес, олардың түрі де кеңейе түседі», - дейді Рауф Агамирзоев.

Мұнай зерттеулер орталығының басшысы Ильхам Шабан Қазақстан арқылы сыртқа тасымалданатын Қазақстан мұнайының көлемін кезең-кезеңмен жылына 2,2 млн тоннаға дейін жеткізуді көздейтін келісімге көңілі толатынын айтты. Ол Әзербайжан қолындағы инфрақұрылым Қазақстанның мұнай экспортын әртараптандыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.

«ҚазМұнайГаз» компаниясы қазіргі келісімшартты жаңартып, Баку-Тбилиси-Жейхан арқылы тасымалданатын мұнай көлемін ай сайын 120 мың тоннадан 180 мың тоннаға арттырады. 2026 жылға қарай бұл бағытпен жыл сайын 3 млн тонна мұнай экспортталмақ. Бұл көлемді одан әрі арттыра беруге болады. Алайда коммерциялық жағы бар, яғни мұнай сапасы бағаға қалай әсер ететіні маңызды», - дейді сарапшы.

Қазақстан тарапының назары Баку-Супса құбырының әлеуетіне де ауып отыр. Алдағы айда SOCAR мен «ҚазМұнайГаз» арасында кезекті келіссөздер жүрмек. Осы кезде аталмыш мәселе жіті талқыланады. Баку-Супса құбырының өткізу қабілеті жылына 5 млн тонна мұнай айдауға мүмкіндік береді. Ал ол Қазақстан үшін айтарлықтай тартымды.

Ильхам Шабан Қазақстанның мұнай өңдеуді шарықтау шегіне әлі жеткізбегенін ерекше атап өтті. Сондықтан Әзербайжанның өз мұнайынан босайтын құбырларын экспорт дәлізі ретінде пайдалану мүмкіндігі бар.

Ал экономист Натиг Жафарли кейінгі бірнеше жылда екі арадағы тауар айналымы 45 есе өскенін еске салды.

«2020 жылы арадағы тауар айналымының көлемі 100 млн доллар болса, қазір жарты миллиард доллардан асып кетті. Президенттеріңіздің сапары кезінде қол қойылған құжаттар осы әріптестіктің аясын одан әрі кеңейте түспек. Халықаралық ахуалды ескерсек, екі елдің алдында да логистикалық орталыққа айналу мүмкіндігі тұр», - дейді ол.

Н. Жафарли келешекте екі елдің сауда-саттық көлемі жылына 1 млрд доллардан асуы мүмкін деген болжам ұсынды.

«Оңтүстік Кавказ зерттеу орталығының» басшысы Фархад Мамедов президенттер басшылық ететін Жоғары мемлекетаралық кеңестің құрылуы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы өзара байланыс ерекше назарда болатынын меңзейді деген пікірде.

«Ел басшылары екіжақты байланыстың бағытын жоспарлап қана қоймай, бірлескен жобалардың әр қадамын тікелей бақылап отырады деген сөз. Бұл туындаған мәселелерді дер кезінде шешіп, ойға алған мақсаттың уақытында іске асуына жол ашады», - дейді ол.

Кавказ тарихы орталығының басшысы Ризван Гусейнов екі елдің халықаралық саясаттағы ұстанымдары үндес екенін айтады.

«Біздің өткен тарих бойынша да, алдағы келешек туралы да стратегиялық ұстанымымыз ортақ. Әлемдегі жаңа тәртіп жағдайында қанаттасып дамуға мүдделіміз», - дейді тарихшы.

Ризван Гусейнов екі арадағы гуманитарлық, мәдени, ғылым байланыстарды да экономикалық байланыстар деңгейінде дамыту маңызды екенін еске салды.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир