|
17.03.2020 | 11:43
6080

Үкімет отырысында кәсіпкерлік пен отандық өндірісті қолдау шаралары талқыланды

Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар топтамасын бекітті

Үкімет отырысында кәсіпкерлік пен отандық өндірісті қолдау шаралары талқыланды primeminister.kz

Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар топтамасын бекітті. Еліміздің Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында кәсіпкерлік пен отандық өндірісті қолдау шаралары талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Төтенше жағдайдың жариялануына байланысты бизнес үшін көп жеңілдік қарастырылады.

Бизнесті қолдау және еңбек нарығында тұрақтылықты қамтамасыз етуге қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін жеті негізгі бағыттан тұратын жедел шаралар топтамасы әзірленді. Ол туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді.  Оның айтуынша, дағдарыстың алдын алу үшін қабылданған бірінші бағыт: «Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары шеңберінде кәсіпкерлер үшін теңгелік қаржыландыруға қолжетімділікті көтеру көзделген. Несиелендіру 1 трлн. теңгеге дейін ұлғаятын болады.

Қаражат, ең алдымен, импортқа тәуелділікті төмендету және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін отандық өнім өндірушілерге беріледі.  Екіншіден, несиелер бойынша түпкілікті сыйақы мөлшерлемесі біріктендіріледі және ол 6 пайызды құрайды.

Үшіншіден, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасында салалық шектеулер алынатын болады және  «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасында басым тауарлар тізбесі кеңейтіледі. Сонымен қатар, кепілдердің жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде орта бизнеске кредит сомасын 1 млрд теңгеге дейін арттыру ұсынылды, ол бойынша 50 пайыз мөлшерінде кепілдендіру берілетін болады. Микро және шағын бизнес үшін 85 %-ке дейін кепілдік берумен кредит сомасын 360 млн. теңгеге дейін арттыру ұсынылады.

Министрдің тағы бір атап өткені, шағын және орта бизнестің жекелеген санаттары үшін салықтық ынталандыру көзделеді. Бұл – ірі сауда объектілері, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер, спорт объектілері. Бұл санаттағы заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер үшін бір жылғы мерзіміне мүлік салығынан босату ұсынылды. Еңбек нарығында тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған жаңа Жұмыспен қамту жол картасы әзірленуде. 120 мың жаңа жұмыс орындары құрылатын болады.

Жалпы Президент тапсырмасы бойынша кәсіпкерлікті қолдауға және жаңа жұмыс орындарын құруға 300 млрд. теңге бөлінетін айтылды. Сонымен қатар, банктер қарыз алушылар Төтенше жағдай енгізілген кезде төлемдердің мерзімін өткізіп алған жағдайда айыппұл мен өсімпұлды есептемейтін болды. «Барлық банктер қаржылық жағдайы нашарлаған бизнес өкілдеріне төлем  мерзімін ұзарту мүмкіндігін беруі керек», – деді Премьер министр Асқар Мамин.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир