Б. Сағынтаев Nur Otan партиясының праймеризіне қатысуға өтінім қабылдау басталғанын еске салды, деп хабарлайды Almaty.tv. Бұл туралы қала әкімі өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Құрметті алматылықтар! Өздеріңіз білетіндей, кеше Қазақстанда Nur Otan партиясының праймеризіне қатысуға өтінім қабылдау басталды. Бұл – мәслихат мен Мәжілістің негізгі сайлауына мықты әрі креативті кандидаттарды анықтауға көмектесетін партия ішіндегі рәсім.
Праймериздің ережесі бойынша әйелдер үшін міндетті 30 пайыздық және жастар үшін 20 пайыздық квота белгіленген. Партия Төрағасы Н. Назарбаев өз үндеуінде атап өткендей, праймериз – бұл нағыз әлеуметтік лифт», – деп жазады әкім.
Сонымен қатар, қала әкімі праймеризге қатысуға 55 алматылық ниет білдіргенін атап өтті.
«Алматы – жастар қаласы. Әрі оның елдің саяси және экономикалық дамуы үшін маңызы аса зор. Сондықтан бұл алматылық жас буын өкілдеріне өз үлесін қосып, өз идеясын жүзеге асыруына үлкен мүмкіндік.
Бірінші күні-ақ праймеризге қатысуға 55 алматылық ниет білдірді. Соның ішінде 38%-ы әйелдер, 21%-ы жастар, сондай-ақ олардың ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдар мен көпбалалы аналар бар.
Партия құндылықтарын бөлісетін және сайлау құқығына ие мемлекеттің тағдырына бейжай қарамайтын кез келген адамның праймеризге қатысуына болады», – деді Сағынтаев.