Ата-заң – азаттықтың айғағы, тәуелсіздіктің тірегі. Конституция әлеуметке қорған болатын басты құжат. Оның қолданысқа енгізілгеніне биыл 24 жыл, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
1993 жылы қабылданған алғашқы Ата заңымызды әрі қарай жетілдіру талабы туындаған соң, 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда еліміздің Конституциясы қабылданды. Міне, дәл менің қолымдағы бұл басты құжатқа Елбасы мөр басып, қол қойған еді.
Конституцияның алғашқы бөлімі 1-бабында былай делінген: ҚР өзін демократиялық, зайырлы және құқықтық, әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Оның ең қымбат қазынасы-адам және оның өмірі, құқықтар мен бостандықтары деп тайға таңба басқандай анық жазылған.
Ақты ақ деп бағала,
Қараны қара деп қарала....
Қазақ қашанда өз заңымен жүрген ел. Бағзыда бабаларымыз дала заңына бағынған. Қасым ханның қасқа, Есім ханның ескі, әз-Тәукенің «жеті жарғысы да», жұрттың ауызбіршілігін сақтау үшін жазылған заң еді. Қанатты сөзбен өрілген заңмен төрелік еткен билерге бұқара «қара қылды қақ жарған» деп баға беруі де бекер емес болса керек...
«Сол жеті жарғы бойынша жеңіл де, ауыр да жаза қолданылған. Онда азаматтық іс те, қылмыстық іс те қаралған. Түрлі-түрлі нұсқалар бар. Меншік мәселесі де жіті назарда болған. Мәселенең ең үлкені-өлім жазасы ғой. Десек те, қазақ қоғамы қашан да әділетшілік позицияны ұстанды. Өлім жазасын құн төлеумен алмастыруды қарастырды. Бұл гуманизмнің, шынайы демократияның тамаша көрінісі»,– дейді тарих ғылымдарының докторы Хангелді ӘБЖАНОВ.
Бірақ дархан даланың тәуелсіздігі көпке созылмады. Қазақтар Ресейге қосылғаннан кейін патшалық заңымен өмір сүрді. Ал кеңес одағының дәуірі жүрген 70 жылдан астам уақыт аралығында, толықтыру, өзгеріс енгізгендерін санамағанда, бас-аяғы 4 Конституция қабылданған. Жазылған заңды негізге ала отырып, қазақ халқының қойша қырылғаны да бесенеден белгілі. Биліктің көзіне сүйел болғандарды сол кезеңнің заңына сүйеніп, сүріп тастап отырды.
«Ол кеңестік жылдарда заңнан гөрі, биліктің өктемедігі жүріп тұрды ғой. Әміршіл-әкімшіл билік жүріп тұрды ғой. Содан конституциядағы талап пенен қағидаменен өмірдің арасында алшақтық орнағаны рас. Мәселен, Қазақстанның қаншама жері Ресейге кетті, Өзбекстанға кетті, тұтас автономиялық облыс Қарақалпақстан кетті. Ал конституция бойынша болса, олай бомас еді ғой», – дейді тарихшы Хангелді ӘБЖАНОВ
«Ол конституциялық заңдар, қағаз бетінде қалды негізінде. Бұл заңда барлық ұлттарға, барлық республикаларға өздері қалаған жағдайда тәуелсіздік беру жазылған болатын. Ал іс жүзінде халық отарлық саясаттың езгісінде болды. Сондықтан кеңестік конституция екіжүзді конституция болды. Сол конституцияда халық қорғалмады. Сондықтан да, ашаршылық болды, сондықтан да Сталиндік репрессия орындалды. Ол конституциябізге үлгі болмауға тиіс», – деді жазушы, кинодраматург Смағұл ЕЛУБАЙ.
Заңмен билеудің үшінші кезі тәулсіздік алғаннан кейін келді. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданды. Алайда қазіргі қолданыстағы Ата заң 1995 жылы қайта өзгертіліп, қайта бекітілген. Екі маңызды құжаттың айырмашылығы оның мазмұнының сапасында еді. Жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен бастап, оның ажырамас құқықтарына да байланысты нормалар енді. Қолданыстағы Конституцияны қабылдауға 3 жарым миллионнан жуық халық пен сарапшы ат салысты. Олар 31 мыңнан астам өз ұсыныстарын ортаға салды. Дауыс беру еліміздің қалалары мен ауылдарындағы 10253 сайлау учаскелерінде жүрді. Бас-аяғы контитуциялық мәтіннің 18 түрлі нұсқасы әзірленген болатын. Осылайша 9 бөлім 98 баптан тұратын құжат қолданысқа енді.
«Тарихымызда тұңғыш рет халықтың өзіне таңдау еркі берілді. Ол таңдаудың бір басында – өзгерген, өркениетке ұмтылған, азаттыққа иек артқан жолмен жүру тұрса, екінші жағында өткен шақ пен болашақтың ортасында баяғыдай айналсоқтап жүре беру болды. Халық біраузыдан жарқын болашаққа бастайтын жолды таңдады», – деді ҚР Тұңғыш Президенті- Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Тәуелсіз елдің тәлтіректеп тұрған экономикалық, әлеуметтік жағдайын түзеу үшін, осыған дейін 4 рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бұл егеменді елдің беталысына бағдар беретін басты құжатқа қажет реформалар болатын. Конституция қабылданғаннан бері, 1 мың 400-дей конституциялық заң, кодекс пен нормативтік акті қабылданған. Яғни, қамтылмаған сала жоқ.
«1995 жылы Конституция қабылданды. Үш жылдан кейін 1998 жылы тұңғыш конституциялық реформа келді. Ол неге бағытталды? Парламент құқығын кеңейтуге. Парламен мерзімі ұлғайды, алқабилердің қатысуымен әділдік институты енді. Яғни, 3 жыл өткен соң демократияның алдағы қадамы жасалды.Сосын тағы бірнеше реформа жасалды. Бірақ ең радикалды реформа 2017 жылы жүзеге асты. Онда Президент, Парламент пен үкіметтің өкілеттілігіне баса назар аударылды. Парламент күшейді. Сот билігі мен Конституциялық кеңес те күшіне мінді», – дейді ҚР Тұңғыш Президенті- Елбасы қорының атқарушы директорының орынбасары, ҚР атынан Еуропа кеңесінің венециандық комиссиясының мүшесі Игорь РОГОВ.
«Жалпы, конституцияға мемлекеттік құрылымға байланысты, адамдардың құқығы мен бостандығын баянды ету және мемлекеттегі президентке байланысты 33 өзгеріс өзгеріс енгізілді. Себебі, президенттің 11 контитуциялық заңда, 7 кодексте, 81 жай заңда белгіленген 100 құқықтары мен өкілеттіліктері. Кезінде президенттік билік күшті болуы үшін, өкілеттіліктің бәрі президенттің мойнына алынды. Президент қана шешеді. Мұның бәрі президенттің мойнына 100-деген міндетті жүктеді. Бір президенттің мойнына мысалы мемелекеттік бағдарламаны шешу мәселесі мысалы, бағдарламаларды бөлу сияқты. Енді осының барлығын парламент пен үкіметке бөлді, Конституцияның ақырғы өзгерісінде», – деді Конституциялық кеңес төрағасының кеңесшісі Қабылсаят ӘБІШЕВ.
Соңғы енген өзгерістердің тағы бірі- үкіметтің парламент алдында толық есеп беруі міндеттелді. Ал Парламент министрлерге айтарлықтай әсер ете алмай, бұған дейін тек сынап қана келген еді. Енді, мемлекеттік бағдарламаны іске асыруда өрескелдікке жол берген жауапты тұлғаны қызметінен алып тастау жөнінде парламентқа ұсыныс айту құқығы берілді. Сондай-ақ, сайлауға байланысты бірнеше өзгерістердің енгені тағы бар.
«Президенттің сайлануына байланысты, президенттің 2 срокқа сайланатына байланысты болды да, ал бірінші президентке бұл шектеу қолданылмайды деген норма кіргізілді кейінгі кезде-Нұрсұлтан Әбішұлына. Осындай 33 өзгеріс енгізілді.4 реформа болды. Бұл Конституция өміршеңдігін көрсетті, осы 25 жылда осы конституцияға өзгерістер кіргеніменен, жалпы қоғамды реттеу, жалпы қоғамның әлеуметтік-экономикалық, саяси жетістіктерінің барлығына осы Конституция арқау болды», – дейді Конституциялық кеңес төрағасының кеңесшісі Қабылсаят ӘБІШЕВ.
Контитуциялық заңды жетілдіру, оған өзгеріс пен толықтырулар енгізу-дамудың бірден бір жолы дейді сарапшылар. Күн сайын құбылып жатқан қоғамда, ел тағдырын шешуші сәтте нүктені тек осы маңызды құжат қана қоя алады. Бастысы, оның барлығы да жалпы халықтық референдум аясында енгізілуі маңызды екенін алға тартады. Драматург, Смағұл Елубай қазақ тілінің тынысын заң аясында әлі де аша түсу керек деп есептейді.
«Қазір қазақтардың 73 пайызға жетті. Содан кейін, жалпы қазақ тілін білетін түркі халықтарын қосқанда, ішіміздегі өзбек, тартар, ұйғыр сияқты және орыстардың ішінде 5 пайыздай қазақ тілін білетін орыстар бар. Сонда қазақ тілін білетіндердің саны қазір тәуелсіздік алған жылдарға қарағанда 2 есе өскен. Яғни, 85 пайызға жетті. Ендеше, қабылданғанына жуырда 30 жыл толғалы отырған тіл заңына бір үлкен өзгерістер қажет», – дейді жазушы, кинодраматург Смағұл ЕЛУБАЙ.
Ата заңды өрескел аттағандарға ең қатал жаза-өлім. Бірақ бұған қазір 1998 жылдан бері Қазақстанда мараторий жарияланған. Заңның қайта өз күшіне енуін халықаралық құқық қорғау орталығының президенті Жанділдә Жақыпов құптамайды. Алып тастау шешімі ең оңтайлы болар еді деген ойда.
«98 жылдан бері бізде өлім жазасына шектеу қойылған. Өлім жазасы 40-қа тарта, 38 бапта көрсетілген, өлім жазасы қолданылады деп. Бірақ, бізде өлім жазасы қолданылмай, жазасы-өмір бойы қамауда ұстау дегенмен ауыстырылып бізде тоқтап тұр. Бірақ, жойылған жоқ. Біз оны уақытша тоқтатып қойдық. Террористік акті жасаған жағдайда,тағы басқа екі-үш нормада көрсетілген. Әскери қылмыстарда, мысалы үшін өлім жазасы қолданылуы мүмкін деген», – дейді Конституциялық кеңес төрағасының кеңесшісі Қабылсаят ӘБІШЕВ.
«Егер үкімет біреуді өлім жазасына кесіп, мараторий ұстап тұрған ол қабылданады негізі. Ал өлім жазасына кесіп, сол өлім жазасына үкім шығарса онда үкімет-қылмыскер. Өмірді жаратушы берді. Үкіметің оның өмірін қиюға құқығы жоқ. Негізі мараторий емес, мүлдем алып тастағанды қолдар едім», – деді Халықаралық құқық қорғау орталығының президенті Жанділдә ЖАҚЫПОВ.
Жанділдә Жақыпов, тіпті, түрменің өзі ешкімді тәрбиелемейді деп топшылады сөзін. Жыл бойы көтерілген мыңдаған дау-дамайдың соңы медиациямен аяқталып жатқаны аян. Ымыраласуға келгенше, қазынаның қоржыны мен әлеуметтің қалтасынан кеткен қаражат желге ұшады дейді. Ол қыруар ақша өзге салаға жұмсалса, халықтың әлеуетін арттыруға септесетінін алға тартуда.
«Осы 2011 жылы медиация заңы енгізілді. 2018 жылы 365 күнде қылмысқа тартылғандардың сотқа дейінгі тергеуде 4 мың қылмысқа тартылушы өзара келісіп жәбірленушімен, іс қысқартылған. 4-ақ мың. Ал сотта сол қылмыстық істер бойынша Қазақстанда 13 мыңға жуық сотталушы қысқартылған. Сотта қысқартылған. Тергеу кезінде қанша жұмыс жүргізілді. Қанша үкіметтің қаражаты кетті. Қанша біздің салығымыз кетті. Тағысын тағы. Сосын оны сотқа тасыды. Қанша шығыстар болып жатыр. 4 уақыт тамағын береді, жататын жерін қарастырады. Аяғында іс қысқартылды да үйіне кетті. Ол дегеніміз не? Ол дегеніміз үкіметтің қанша қаражаты, халықтың ақшасы айдалаға кетті», дейді Халықаралық құқық қорғау орталығының президенті Жанділдә ЖАҚЫПОВ.
«Адам баласын не құтқарады? Мәдениет құтақарады деді Достоевский. Мәдениет деген гармония, адамгершілік, қасиеттілік, моральдық сол ғана құтқарады деген мәселе. Сол құтқарған жағдайда ғана, біз адам баласының санасын жетілдіру арқылы ғана, мәдиениетін жетілдіру арқылы ғана, ол адам баласының өзінің құндылығын түсіну арқылы ғана адам баласын қылмыс жасамайтын жағдайға жеткізуіміз керек. Сол жағдайда ғана мемлекетте оның эфектісі болады. Әйтпесе, қылмысты күшейтіп, полицияны көбейткеннен қылмыс азаймайды», – дейді Конституциялық кеңес төрағасының кеңесшісі Қабылсаят ӘБІШЕВ.
Ал діни экстремизим мен терроризмге үгіттеп, қарулы қақтығыс аймағына дүйім жұртты итермелегендердің ісі ымыраласуға келмейді. Әлеуметтік желі арқылы жұрттың зәре-құтын қашыратын жазбаларды өзгеге жіберер алдында да ойланғаныңыз абзал екенін ескертеді құқық қорғаушылар. Өйткені, ойыңыз басқа боланымен, пиғылыңызды сотта дәлелдеу қиынның қиыны болары сөзсіз.
«Медиацияға келтірілмейтін жағдайларға бұл жатады. Тағы да медиацияға келтірілейтін жағдай ол-мемелекеттік орган тарап болған кезде. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты медиация жүргізілмейді. Алайда үлкен мәселенің ұшын айтып жатсыз, бұл жерде көптеген сұрақтарды қамтуға болады. 2016 жылы болған терракт кезінде менің айтқаным бар еді. Оларды бірден түрмеге отырғызып, соттаудың орнына олармен жұмыс жасап білу керек. Кім, қалай сол топқа кірді. Мүмкін біреудің жақынын құлдықта ұстап отырып, егер сен біздің қатарымзға қосылмасаң ананы өлтіреміз, тағысын тағы деуі мүмкін», – дейді Халықаралық құқық қорғау орталығының президенті Жанділдә ЖАҚЫПОВ.
130-дан астам ұлт пен ұлыстың басын бір арнаға тоғыстырып, толеранттылық таныту, яғни, татулықты ту ету- конституцияның негізгі тарауында тәптіштеп түсіндірілген. Сындарлы сәт пен күрделі кезеңдерден сүріндірмей келе жатқанына да, осы басты құжат сеп дейді сарапшылар. Өзгеге үлгі бола алатын Қазақстанның осыдан кейін Біріккен Ұлттар Ұйымына төрағалық етуі тегін емес екені айтпаса да түсінікті. Ал соңғы саяси өзгерістің қантөгіссіз өткені демократиялы ел екенімізге тағы бір дәлел болды дейді саясаттанушылар. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы президенттіктен кеткеннен кейін, сол кездегі сенат төрағасы-Қасым-Жомарт Тоқаевқа барлық жауапты жұмыстың жүктелгені де ретімен іске асқан.
«Елбасы өзіне берілген құзыреттің нәтижесінде, ол кісі өзі жоғары биліктен бас тартып, өзінің құзыретін тоқтататынын елге арнайы үндеу жариялап айтып және заң бойынша бізде сол кезде сенаттың төрағасы уақытша президент сайлауы өткенше президент болып отырған болатын. 9 маусымда елімізде президент сайлауы өтті. Сайлау туралы заң бойынша кандидаттарға толық мүмкіндік жасалынған болатын. Яғни бізде жоғары биліктің ауысуы барысында біз осы үдерісті толық демократиялық принциптерге сай өткіздік деп айтсақ болады», – дейді саясаттанушы Нұрлан СЕЙДІН.
«Бірінші басының осылай өзгеруі бұл бейбіт транзитті жол екенін көрсетеді. Ал енді әрине біздің көршілес елдеріміз бар. Мысалы, Грузия, Армения, Қырғызстан елі бар, енді біз бәріміз білеміз ғой ол жерде қандай экономикалық жағдай екенін. Халық өте кедей, экономикалық жағайы қиын болды. Оларда халық экономикалық жағдайда болғаннан кейін олар тек көтеріліс , революция арқылы жаңа транзитті жолды таңдады. Бірақ оның кесірі болды ғой. Бүгінгі біздің президент геосаясаты білетін мықты маман. Қазақстан 21-ші ғасырда біз әлемдік елдердің көшінде болатынымызды біз түсінуіміз керек», – деді саясаттанушы Азаматхан ӘМІРТАЙ.
Ата заң – елдің адымдап дамуын айқындап берген басты құжат. Конституция ұлттарды жаңылыстырмай, керісінше, халықаралық аренадан көрінуімізге септесуде. Ғалымдар, басты құжат мектеп қабырғасында басты пәнге айналса, болашақта құқығы тапталатын тұлғалар едәуір азаяр еді дейді.