ОКҚ алаңындағы баспасөз конференциясында Әділет министрі Қанат Мусин Президенттің жақын туыстарына кімдер жататынын және олар қандай лауазымды орындарда қызмет атқара алмайтындықтарын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әділет министрі Президент өзінің соңғы Жолдауында Президентке жақын адамдарды кадрлық іріктеу мәселесін айрықша атап өткенін айтты.
Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Президент адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілі болып табылатынын ескере отырып, Мемлекет басшысының жақын туыстарының мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарда басшылық лауазымдарға орналасуына Конституциялық деңгейде тыйым салуды ұсынды, - деді ол.
Мусин заңнамаға сәйкес жақын туыстарға кімдер жататыны және Президенттің жақын туыстары қандай лауазымдарға орналаса алмайтыны туралы кеңінен айтып өтті.
Заңнама бойынша, жақын туыстарға ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, атасы, әжесі, немерелері жатады. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама да жекжаттар, яғни ерлі-зайыптылардың жақын туыстары үшін шектеулер белгілейді, - деді Қанат Мусин брифингте.
Әділет министрінің мәлімдеуінше, Президент Жарлығымен Саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізімі айқындалып, оларға министрлер, олардың орынбасарлары, әкімдер, мемлекеттік органдардың басшылары және басқалар кірген.
Бізде квазимемлекеттік секторға мемлекет қатысушы болып табылатын ұйымдар да жатады. Заңнамалық деңгейде тиісті тыйымдар енгізілгеннен кейін, мысалы, Президенттің ағасы, әпкесі, балалары «Самұрық-Қазына» немесе «Бәйтерек» сияқты ұлттық компанияларда басшылық қызметке орналаса алмайды, - деп толықтырды министр.