Елімізде «Тұңғыш Президент туралы» заң күшін жоюы мүмкін. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Нұрсұлтан Назарбаевты «Елбасы» мәртебесінен айыру туралы заң жобасы қаралды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты заң жобасы 2000 жылы қабылданған болатын. Конституциялық заң бойынша «Тұңғыш президент» мәртебесін алғаннан кейін жауапқа тартылмайды. Сондай-ақ оны ұстауға, қамаққа алуға, жеке басын жете тексеруге, күзетпен ұстауға болмайды делінген. Туған-туыс, жақындарымен қосқанда, жеке басына, өмір сүруге қажетті бар жағдай жасалынған. Бұдан да бөлек түрлі тармақ жазылған заң енді толығымен күшін жоюы мүмкін.
«Биыл 8 маусымдағы Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады деген норманы көздейтін Ата заңның 46-бабы 4-тармағы алынып тасталды. Осыған байланысты, бұл заң жобасымен құқықтық негіздің жоқтығын ескере отырып, тиісті Конституциялық заңның күшін жою көзделеді. Заң жобасын қарау үшін жұмысқа алуды ұсынамыз», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Арман Қожахметов.
Мәжіліс мінберінде құжатты төменгі палатаның заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов таныстырды. Оның айтуынша, республикалық референдум қорытындылары бойынша ел Конституциясына енгізілген өзгерістерді іске асыру мақсатында заң жобасы дайындалған. Мәжіліс төрағасының сөзінше, заңның күшін жою мәселесі келер жылдың басында қаралады.
«Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы» туралы заң күші толығымен жойылады. Ол келесі жылдың басында болады. Білесіздер, бұл Конституциялық заң. Ал Конституциялық заңдар Парламент палаталарының бірлескен отырысында қабылданады. Қаңтар айында палаталардың бірлескен отырысы шақырылады», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов
Мәжіліс төрағасының сөзінше, Тұңғыш президентке қатысты құжат бойынша шешім қабылданса, заңдағы нормалардың барлығы күшін жояды. Экс-президент қана емес, болашақ президенттерге де қатысты нормалар бірдей қолданылмақ.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана