«Детская новая волна» халықаралық байқауының финалисі Аружан Ардақ анасы Гүлжан Сәбикеновамен бірге Ресейге кіргізілді. Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Айта кетейік, Аружан Ардақ пен анасын шақырудың болғанына қарамастан, Ресей федерациясына Түркия арқылы транзитпен келгендіктен, ел аумағына өткізбей қойған еді. Бірақ қазақстандық дипломаттар жүргізген келіссөздерінің нәтижесінде талантты отандасымыз шекарадан өтіп, халықаралық додада ел намысын қорғайтын болды.
«Біз оған алдағы конкурста шын жүректен сәттілік тілейміз! Біздің ресейлік әріптестерімізге де осы көрсеткен қолдауы үшін алғысымызды білдіреміз. Сонымен қатар, бұл жағдай ерекше екенін еске салғымыз келеді. Қазақстан республикасы азаматтарының назарын РФ Үкіметінің 16-наурызындағы №635R үкіміне қосымшаға сәйкес Қазақстан азаматтары мен ҚР-да тұруға ықтияр хаты бар шетелдік азаматтардың Ресейге шектеусіз кіруі тек әуе өткізу пунктері арқылы және Қазақстаннан тікелей әуе рейстерімен ғана мүмкін екеніне тағы да назар аударамыз. Қазақстаннан басқа елдерден Ресейге келу осы елде тұруға ықтияр хаты болған жағдайда ғана мүмкін. Ресейге әуе сапарларды жоспарлау кезінде осы жағдайды ескеруді сұраймыз», – деді ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Нұрбек Алмашов.