Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің (Түркі кеңесі) бейресми саммитіне қатысу үшін жұмыс сапарымен Қазақстанға келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы Түркия президенті әкімшілігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Біздің президент 30-31 наурызда Түркі кеңесінің бейресми саммитіне қатысу үшін Қазақстандағы Түркістан қаласына барады», - делінген хабарламада.
1992 жылдан бастап Түріктілдес мемлекеттердің cаммиті өткізіледі. 2009 жылдың 3 қазанында - Нахчыван келісіміне қол қойылды. Ұйымның орталығы Ыстанбұлда орналасқан.
Еске сала кетейік, 11 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бас хатшысы Бағдат Әміреевті қабылдады.
31 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркістан қаласында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің (Түркі кеңесі) бейресми саммиті өтеді. ТМЫК-қа мүше мемлекеттердің барлық басшылары мен осы ұйымда бақылаушы болып табылатын Венгрияның премьер-министрі форумға қатысатынын растады.
Саммит қорытындысы бойынша Түркістанды Түркі әлемінің рухани астанасы деп жариялайтын декларацияға қол қойылады деп күтілуде.