Біздің бірлігімізге зиян келтіруді көздейтін сырттағы және ішкі теріс пиғылды адамдардың, түрлі авантюристердің, жауапсыз әрі қабілетсіз саясаткерлер мен сарапшылардың жетегінде кетпеу маңызды. «Ит үреді, керуен көшеді» деген сөз бар. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысында осы мәселені көтерді. Мемлекетке қарсы арандатушылықтың барлық түріне тойтарыс беру қажет деген мемлекет басшысы Достық үйлері, жиналыстар мен салтанатты жиындар өтетін залға айналмауы керектігін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз басында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісі қалыптасқанын және оның тиімділігін әлем қауымдастығы мойындағанын атап өтті. Содан кейін қатысушылар бірлікті бекем ету, ана мен бала, жастар тәрбиесіне қатысты өзекті мәселерді ортаға салып, өз ұсыныстарын жеткізді. Күн тәртібінде қозғалған тақырыптарға қатысты Президент 8 маңызды міндетті айқындады.
Атап айтсақ, заңсыз ереуілге шығатындарға ескерту жасады. Аналардың қоғам алдында жауапкершілігін терең сезінуі керек екенін баса айтты.
«Біз «Бейбіт жиналыстар туралы» өте жақсы заң қабылдадық. Кім не айтса да, бұл – демократияны дамыту жолындағы маңызды қадам. Бейбіт жиналыстар мен демонстрацияларға ешкім де кедергі келтірмейді. Онда бәрі жазылған. Ресми рұқсат алу қажет. Бұл жиналыстар, демонстрациялар хабарландыру режимінде де өткізіле алады. Бірақ осынау болмашы талапты кей азаматтар бұзуға болады деп есептейді. Осы тектес әрекеттерге құқықтық баға беріледі. Бас прокуртураның міндеті – азаматтарымызға осы заңды түсіндіруді жалғастыру, ал барлық құқық қорғау органдарының міндеті қоғамдық тәртіпті заңнамамызға сәйкес қолдау», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент этникалық саладағы проблемалар деструктивтік мақсатта пайдаланылып кетуі мүмкін екенін де назарға алды. Бұл орайда еліміздегі бірлік пен татулыққа қарсы айтылған бірде-бір сөз жауапсыз қалмауы керек деді.
«Жалпы, этносаралық татулық экономикаға, адамдардың әлеуметтік жағдайына оң ықпал етеді. Бұған осы отыз жылдың ішінде көзіміз анық жетті. Елдегі тұрақтылықты сақтау үшін мәдениет пен білімнің, ақпараттық қауіпсіздіктің маңызы зор. Біз бұл бағыттағы мемлекеттік саясаттың жан-жақты әрі тиімді, яғни инклюзивті болуын қамтамасыз ететін жүйелі шаралар қабылдадық. Осы мақсатта арнайы құрылымдар жасақталды. Дегенмен, этносаралық келісімді нығайту ісінде әрбір министрлік пен мекеме айрықша рөл атқарады. Әсіресе, әлеуметтік саладағы саясаттың орны бөлек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы этносаралық қатынас саласындағы өңірлік құрылымдарды мамандармен қамтамасыз етуге де баса назар аудару қажеттігін айтты. Бұл міндетті атқарып отырған Қоғамдық келісім мекемелері қызметкерлерінің жалақысын көбейтуді тапсырды. Оларға өз құзыретіне кірмейтін тапсырма берілмеу керек деді. Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдардың басым міндеті ретінде әлеуметтік, қылмыстық, тұрмыстық жанжалдардың алдын алуды атады.
«Біздің бірлігімізге зиян келтіруді көздейтін сырттағы және ішкі теріс пиғылды адамдардың, түрлі авантюристердің, жауапсыз әрі қабілетсіз саясаткерлер мен сарапшылардың жетегінде кетпеу маңызды. «Ит үреді, керуен көшеді» деген сөз бар. Біртұтас қоғам ретінде біздің ұстанымымыздың дұрыс екеніне сенімдіміз. Алайда бұл әрекет етпей отыр дегенді білдірмейді. Біздің қоғамға және мемлекетімізге қарсы арандатушылықтың барлық түріне құқықтық әрі ақпараттық құралдар арқылы тойтарыс беру керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Халық арасындағы бірлікті бекем етуде Ассамблеяның рөлі зор. Ұйым азаматтармен байланыс орнатудың тиімді құралына айналуға тиіс. Сондықтан, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бірлесе жұмыс істеу керек деген міндет қойды. Ал Достық үйлері жиналыстар мен салтанатты жиындар өтетін залға айналмай, ҚХА-ның халықтық бастамалары үшін ресурстық орталықтар және жобалық кеңселері болған абзал деді.
Президент этносаралық саладағы ғылыми негізделген тәсіл мемлекеттік саясаттың бастауы болуы тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, бұл аса күрделі бағытта дилетанттық пен популизмге жол бермеу керек. Ал елімізде және одан тыс жерлерде туындайтын барлық сұрақтарға ғылыми дәлелдер мен нақты сандарға сүйене отырып, салмақты жауап берілуі қажет. Президент жалпыұлттық бірлік қуатты мемлекеттің кепілі деп сөзін қорытындылады.
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан