Алматыда ұсталған топ елде жаппай тұрақсыздық орнатпақ болған – ҰҚК

Алматыда ұсталған топ елде жаппай тұрақсыздық орнатпақ болған – ҰҚК
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жуырда Алматыда ұсталған топ террорлық акт жасап, елде жаппай тұрақсыздық орнатпақ болған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков дәл осылай деді. Ведомство өкілі ланкестіктің елімізге қаншалықты қатер төндіріп тұрғанын мәлімдеп, қақтығыс аймақтарында қанша қазақстандық жүргенін де айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгін Астанада Ел Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Аталған комитет төрайымы Дариға Назарбаева Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбековтен лаңкестіктің елімізге қаншалықты қатер төндіріп тұрғандығын 10 балдық шкаламен бағалауды сұрады.

«Сіздер Қазақстандағы террористік қауіптің деңгейін қалай бағалайсыздар? Он балдық шкаламен айтсаңыз», – деп сұрақ қойған Дариға Назарбаеваның сауалына ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары тұщымды жауабын берді.

«Сирия, Ирак және Ауғанстандағы қақтығыс ахуалын ескерсек, өңірде белгілі бір дәрежеде сын-қатер бар. Иә, өкінішке қарай, біз халықаралық лаңкестік ұйымдардың мүдделері бар орбитада тұрмыз. Ерекше айтып өтерлігі, егер тұрақсыз аймақтарда бұрын ашық соғыс болса, қазір партизандық соғысқа түрленіп отыр», – деді ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары Нұрғали БІЛІСБЕКОВ.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі шет аймақтардан елдегі ішкі ахуалға әсер етудің мысалын келтірді. Ол 10 қаңтарда Алматыда ұсталған топқа қатысты түсініктеме берді. Айта кетейік, комитет дерегінше, бұл топ террорлық акт жасауға әрекеттенген. Күдіктілердің барлығы, ресми ақпаратқа сүйенсек, Орта Азиядағы бір елдің азаматтары. Күдіктілердің уақытша тұрып жатқан жайларын тінту кезінде өте қуатты жарылғыш заттар әзірлеуге арналған көп мөлшердегі компоненттер, сондай-ақ қару жарақ пен оқ-дәрілер тәркіленген еді.  

«Алматыда анықталған топқа Қазақстан аумағында терактілер жасауға нұсқаулар шетелден беріліп келген. Негізгі мақсаты – елдегі ахуалды тұрақсыздандырып, тәртіпсіздік жағдайын тудыру», – деді Нұрғали БІЛІСБЕКОВ.

Нұрғали Білісбеков, сондай-ақ қақтығыс аймақтарында, атап айтсақ, Сирия, Ирак және Ауғанстанда 300-ден астам қазақстандықтың қалып отырғанын да мәлімдеді. Олардың 100-ге жуығы қолына қару ұстағандар қатарында. Ал қалғандары әйелдер мен балалар.

«Әйелдердің басым бөлігі қақтығыс аймақтарына өздерінің күйеулеріне еріп барған. Бірақ кейбірі соғыс процестеріне жұмылдырылғаны туралы да мәлімет бар. Біз қылмыстық құқық тұрғысынан олардың іс-қимылын тиісті деңгейде бағалап отырмыз. Олар елге оралған жағдайда міндетті түрде қылмыстық жауапкершілікке тартылады», – деді ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары.

Еске сала кетейік, биыл қаңтар айының басында Елбасы Қазақстан азаматтарын Сириядан эвакуациялауға байланысты мәлімдеме жасаған болатын. Еліміздің құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық операция нәтижесінде Сириядан 47 азаматымыз елге қайтарылды.


Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров