Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға жасаған сапары аясында 47 құжатқа қол қойды. Қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстелінде құны 22 миллиард доллар болатын келісімшарт жасалды. Ал Сиань қаласында Қазақстанның бас консулдығы ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға жасаған осы жолғы сапары 3 күнге созылды. Көрші мемлекет бізден барған делегацияны салтанатты түрде қарсы алды. Алғашқы күні-ақ жаңадан бой көтеретін Қазақстанның логистикалық орталығының іргетасын қалау рәсімі өтті.
Осылайша, келер жылдан бастап құрғақ порт арқылы электроникаларды, компьютер бөлшектерін, автомобильдер мен автобөлшектерді, тоқыма бұйымдарын, киім-кешек, аяқ киім мен азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерін, құрылыс материалдарын, сондай-ақ рудаларды, металдарды және химиялық өнімдерді тасымалдау жоспарланып отыр. Жаңа терминал Қазақстандық тауар өндірушілердің жүк жеткізу уақытын қысқартуға мүмкіндік бермек.
– Бизнес шығындары төмендейді. Өткен жылы екі ел арасында теміржолы арқылы тасымалдау мөлшері 23 миллион тоннаға жетті. Ол – біздің тарихымыздағы ең үлкен көрсеткіш. Ал қазіргі таңда осы жылдың төрт айындағы көрсеткіші былтырғы жылмен салыстырғанда 32 пайызға өсті, – деді «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық форумға қатысты. Жиында жалпы құны 22 миллиард доллар болатын келісімге қол қойылды. Президент қазақ тарапы бұл уағдаластықтарды жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін жұмсауға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар, бүгін Мемлекет басшысы Орталық Азия – Қытай саммитіне қатысып, ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастықты дамытудың маңызына тоқталды. Қазақстан агроөнеркәсіп өнімдерінің экспортын арттыруға және оның түрлерін көбейтуге мүдделі екенін жеткізді.
– Еліміз бидай және ұн өндіретін әлемдегі ең ірі он елдің қатарына кіреді. Жыл сайын 5 миллион тоннадан астам бидай мен 1,5 миллион тонна ұн экспорттаймыз. Шаруаларымыз сыртқа шығарылатын дәнді және майлы дақылдардың көлемін арттыруға дайын. Олар экологиялық жағынан таза әрі жоғары сұрыпты ет пен органикалық өнімдерді де көптеп жеткізе алады. Есесіне, бау-бақша өнімдері мен азық-түлік тауарларын тұрақты сатып алуға мүдделіміз. Біз мемлекеттеріміздің аграрлық әлеуетін тиімді пайдалануымыз керек. Сонда елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін айтарлықтай нығайтамыз. Бұл қадам бәріміздің мүддемізге сай келеді, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты нығайту керек. Бұл сала Орталық Азияның экономикалық дамуына берік тұғыр бола алады. «Аймақтағы жобаларға Қытайдың атсалысуы олардың табысты ілгерілеуіне өз септігін тигізеді» деп есептейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
– Мен Орталық Азия мен Қытайдың өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығын дамыту жоспарын әзірлеуді ұсынамын. Бұл жоспарды аймақтағы барлық елдің ерекшелігі мен сұранысын ескере отырып жасаған жөн. Сондай-ақ автокөлік жасау сияқты ғылымға негізделген салалардың келешегі зор. Қазақстан мен Қытайдың бұл бағыттағы ынтымақтастығы жаңа деңгейге шыққанын атап өткім келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан көтерген бастамалардың бәрі еліміздің жан-жақты ынтымақтастық пен мызғымас қарым-қатынасын нығайтатынына сенім білдірді. Сол себепті тиімді серіктестіктің стратегиялық бағдарын жалғастыра беру маңызды. Сөзінің соңында Орталық Азия мен Қытайдың екінші саммитін Қазақстанда өткізуге әзір екенін жеткізді. Сөйтіп, алқалы жиынның қорытындысы бойынша Мемлекет басшылары Сиань декларациясына қол қойды және бірқатар бастаманы қабылдады. Келесі саммит 2025 жылы Қазақстанда өтеді.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана