Бүгін ауыл әкімдерін сайлауға қатысатын кандидаттарды тіркеу аяқталды. Әрі қарай үміткерлердің құжаттары қаншалықты талаптарға сай екені тексеріліп, 14 шілдеде үгіт-насихат жұмыстары басталады. Өңірлерде науқанға дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Биыл еліміздің 750-ден астам елдімекенінде жаңа әкім халықтың тікелей дауыс беруі арқылы сайланады. Бұқара өз басшыларын сайлауға дайын ба? Жалпы науқан қалай өтеді? Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданы сайлауға дайындықты бастап кеткен. Ауданда 25 ауылдық округ, 1 аудандық деңгейдегі қала бар. Сайлауға 10 ауылдық округ әкімі түседі. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі болуға үміткер мынадай талаптарға сай болуы тиіс: ең алдымен кандидат 25-ке толған ел азаматы болуы, сотталмаған, мемлекеттік мекемелерде жұмыс өтілі болуы шарт. Әр үміткер сайлаушылар санының 1 пайызынан қол жинауы керек. Тек сонда ғана ол кандидат ретінде тіркеле алады.
«10 округта 34 сайлау комиссия жұмыс жасайды. Барлық сайлау учаскелерін аралап шықтық. Дайындық жұмыстарын тексеріп жатырмыз. Бүгінде 37 кандидат құжат өткізді. Оның ішінде Нұр Отан, Ауыл, ХДП, Адал партиясынан бар», – деді Еңбекшіқазақ ауданы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бақыт Жексембиев.
Мәселен, Балтабай ауылында қазір 6 сайлау учаскесі жасақталған. Мына жер соның бірі. Қазір мұнда науқанға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Учаскеде Барлық техникалық, материалдық және санитариялық талаптар сақталған. Дауыс беру үшін арнайы кабиналар қойылыпты. Мұның біреуі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған.
«Комиссия мүшесі ретінде біз жалған бюллетендер толтырылмауын, заңсыздықтар орын алмауын бақылап отырамыз. Сайлау ашық түрде өтеді. Тиісті медицина, өрт сөндіру қызмкеткерлері кезекшілік етеді», – деді №141 сайлау учаскесінің комиссия мүшесі Оксана Ахметова.
Кәмелет жасына енді ғана толған бұл бойжеткен ауыл әкімін сайлау процесіне белсене араласамын дейді. Себебі ол алғаш рет саяси науқанға қатысып дауыс бермек.
«Сайлауға тұңғыш рет қатысамын. Өз дауысымды қуана таңдаған кандидатыма беремін. Бұл әрбір тұрғын үшін өте жауапты қадам деп ойлаймын», – деді Балтабай ауылының тұрғыны Айдана Әкімжанова.
Сайлау 25 шілдеде өтеді. Бұқара сайлау учаскелеріне таңғы сағат 7:00-ден бастап кешкі 8:00-ге дейін келіп дауыс беруі керек. Біз түсірілім тобымызбен сайлау өтетіні туралы ауыл халқы қаншалықты хабардар екенін анықтауды жөн көрдік.
Науқан туралы білмейтін бірді-екілі адам болғаны болмаса, жалпы бұқара өз әкімдерін таңдауға ниетті.
«Әрине, халық өз таңдаған адамына сенеді ғой. Ертең содан сұрау болады. Ол адам да өзінің қандай жүк көтергенін сезініп отырады. Сол үшін дұрыс», – деді Балтабай ауылының тұрғыны Мұрат Руфатов.
«Ауылдың әкімін сайлау орынды. Балтабай өз ауылынан шыққаны жақсы. Сайлауға қатысуға тиістіміз ғой енді. Қазақстан азаматымыз», – деді Балтабай ауылының тұрғыны Қуандық Әшірақын.
Бүгін әкім болуға өзін-өзі ұсынған кандидаттарды тіркеу жұмыстары аяқталды. Үміткерлер 14 шілдеден бастап 24 шілдеге дейін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше агитация жұмыстарына әр кандидатқа 220-230 мың теңге көлемінде қаржы бөлінген. Жалпы науқанның бастан аяқ өтуіне ел қазынасынан 4,7 млрд теңге қарастырылыпты.
Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы