Cаясаттанушылар сайлау туралы ойын ортаға салды

Cаясаттанушылар сайлау туралы ойын ортаға салды
Отандық саясаттанушылар бұл билік жүйесі мен қоғамға жаңа серпін әкеледі деген сенімде
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Пандемияға қарамастан еліміздің Мәжіліс және жергілікті мәслихат депутаттарын қайта сайлау процесі алғаш рет Конституцияда белгіленген мерзімде өтіп жатыр. Отандық саясаттанушылар бұл билік жүйесі мен қоғамға жаңа серпін әкеледі деген сенімде, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгінде мемлекет электоралды шараларды жетілдіруге аса мән беріп келеді. Осы ретте еліміздің саясаттанушылары сайлаудың уақытылы өткізіліп жатқаны ең басты ерекшелік екенін айтады.  

«Бірінші рет сайлау заңда белгіленген мерзімде өткізіліп отыр. Бұған дейін уақытынан ерте өткізу әдеті қалыптасқан болатын. Қазір содан кетіп отырғанының өзі жақсыға бағалауға болады. Жалпы мемлекеттің, биліктің өзі қабылдаған заңдарын құрметтеудің көрсеткіші», – деді саясаттанушы  Расул Жұмалы.

Ал енді бір саясаттанушылар кей партиялардың тек сайлау науқаны өтетін кезде ғана төбе көрсететінін айтады. Мұндай процесс келесі өтетін сайлауға дейін жалғасып, кешенді түрде жүргізілуі керек дейді. Сондай-ақ, партия мүшелері жергілікті мәслихат сайлауына да көптеп көңіл бөлінуі керек деген пікірде.

«Нұр Отан» партиясы өзінің жергілікті мәслихатқа өздерінің кандидаттарын шығарып, насихаттау жұмысын өткізіп жатса, басқа партиялар тек қана Мәжіліс депутаттығына көңіл бөліп жатыр. Маслихатқа, жергілікті атқару органдарына аса көңіл бөліп жатқан жоқ», – деді саясаттанушы Есенжол Әлияров.

Сонымен қатар, түрлі халықаралық ұйымдар мен шетелден келетін 400-ге жуық бақылаушы тіркелген. Бұл сайлаудың ашық әрі әділ өтуіне ықпал етеді, деген пікірде сарапшылар.

«Демократиялық сипаттағы барлық бақылаушылардың тіркеуден өтіп жатыр. Осы сайлауды бақылауға арналған билікке байланысты емес топтар бақылау процесіне байланысты сабақтарын, семинарларын әртүрлі мастер кластарын өткізіп жатыр. Орталық сайлау комиссяисы қолынан келген барлық жұмыстарды істеп жатыр деп ойаймын», – деді Абай атындағы ҚАЗҰПУ кафедра профессоры Дәуренбек Құсайынов.

Жалпы сайлау туралы заңға сәйкес әр партия тізімінің 30 пайызы әйелдер мен 29 жасқа дейінгі жастардың болуы міндеттеледі. Сонымен қатар, саяси партия құру үшін керекті азаматтардың саны 40 мыңнан 20 мыңға дейін төмендетілген. Бұл түрлі топтардың саяси додаға белсене қатысуына жол ашады.

Назкен Еркін, Ғани Қалуов, «Алматы» қаласы

Новости партнеров