Жетісу ауданында емхана тапшы: аудан әкімі тұрғындарға есеп берді

Жетісу ауданында емхана тапшы: аудан әкімі тұрғындарға есеп берді
Былтыр аудан республика бюджетіне 107 млдр теңгеге жуық қаржы құйған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ықшамаудандардан қала орталығына қатынайтын қоғамдық көліктің жоқтығы тағы бар. Бұдан өзге аудан бойынша шешімін таппай отырған мәселелер бүгін Жетісу ауданы әкімінің тұрғындарға есеп беруінде тағы да сөз болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жетісу ауданы бойынша 2019 жылы республикалық бюджетке 106 млрд. теңгеден астам салық жиналды, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 7 пайызға артық. Ал жергілікті бюджетке 39,7 млрд.теңге түсті. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 23 пайызды құрап, 8 ауданның ішінде 1-інші орынға ие. Негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 1,3%-ға өскен. Ауданда құрылыс жұмыстарының көлемі 5,4 пайызға артыпты. Жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызға қысқарған. «Бақытты отбасы» орталығы 1000-нан аса келушіге кеңес берсе, «Жас Кәсіпкер» жобасы бойынша 29 жасқа дейінгі 52 адам оқуды аяқтады. Аудан әкімінің есеп беруін тыңдап қайтқан тілшіміз жалғастырсын.

Аудандағы 21 жалпы білім беру ошақтарында былтырғы оқу жылын 25 мыңнан астам түлек бітірген. Биыл олардың саны 1344 оқушыға артқан. Ауданда халық санының жыл сайын артуына байланысты, емхана тапшылығы да өзекті мәселелердің біріне айналды. Халық шалғай жерлерге барып емделуге мәжбүр. Әсіресе, мүгедек және қарт тұрғындарға қиындық тудырып келеді екен. Аудан әкімі көпшіліктің сұрауы бойынша биыл екі емхана салынатынын жеткізді.

«Аудан бойынша бар болғаны 3-ақ емхана ғана бар. Мысалы, Түркісіб ауданында - 5, Наурызбай ауданында мұндай емхананың 4-еуі бар. Сегіз ауданның ішінде бізде аз. Қала әкімінің қолдауымен ауданымызда жаңа екі емхана бой көтереді. Алғашқысы «Кемел» ықшамауданында, екіншісі «Жұмысшы» ауылында салынады. Ал, Айнабұлақтағы емханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады»,  - деді Жетісу ауданының әкімі Мақсат ҚИҚЫМОВ.

Тұрғындардың пәтер иелері кооперативіне де көңілдері толмай келеді. Ауданда жалпы саны 665 көпқабатты үй болса, оның 580-і 47 пәтер иелері кооперативінің қарамағында. Қалған 80-і бақылаусыз. Бірнеше жылдан бері шешімін таппай, тіпті сотқа дейін барған "Көкжиек" ықшамауданының наразы жұрты әкімнен "Фасилитимен" арадағы мәселені тезірек шешіп беруін талап етті.

«11 желтоқсанда бес үйдің құжаттарын өткіздік. Қала әкімі «құжаттарыңыз қолдарыңызда ма деп?» деп сұрады ғой. Жиналыс хаттамасын да өткіздік. Отыншиев мырза, 23 желтоқсанда бізге жиналыс жасады. Бір ай қолдарыңызды тексереміз деді. Заң бойынша. Бірақ 23 қаңтар болды, әлі жоқ. Мына "Фасилити" бізді шаршатты. Бізге көмек беріңіздер», - деді тұрғындар.

«№30-шы үйді сізге берді.  Енді қалған бесеуін Тұрғын үй қатынастары басқармасы жұмыс істеп жатыр», - деді тиісті мекеме.

Жетісу ауданының даму қарқыны жаман емес. Былтыр аудан республика бюджетіне 107 млдр теңгеге жуық қаржы құйған. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 7 пайызға артыпты. Жиынға қатысқан қала басшылығы шенділердің халықпен тығыз байланыста болуын талап етті. Сонда ғана нәтиже болмақ. Сондай-ақ тұрғындарды да жұмыла жұмыс істеуге шақырды.

Қуан Нұрақын, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров