|
22.10.2020 | 20:42
834

Мәжіліс пен мәслихат сайлауы онлайн режимде өтуі мүмкін бе

Мәжіліс пен мәслихат сайлауын өткізу мерзімі ауыстырылмайды

 Мәжіліс пен мәслихат сайлауы онлайн режимде өтуі мүмкін бе

Коронавирус пандемиясына байланысты Мәжіліс пен мәслихат сайлауын өткізу мерзімі ауыстырылмайды. Ол туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Серік Сыдықов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның атап өтуінше, Конституциямызда да, Заңдарымызда да карантин енгізілген кезде немесе өзге де жағдайларда сайлауды өткізбеу немесе басқа уақытта ауыстыру  көзделмеген.

«Мемлекеттік органдардың және лауазымды тұлғаның өкілеттігіне қатысты мәселе туындауы мүмкін. Өйткені Конституция мен Заңдарда мемлекеттік органдарға сайланатын лауазымды тұлғаның өкілеттігін ұзарту қарастырылмаған. Сондықтан сайлау белгіленген уақытта өтеді. Жазда Сенат депутаттарын сайлауды өткіздік. Шынымен де, ол кезде сайлаушылар саны шектеулі болды. Соған қарамастан денсаулық сақтау органдары, аумақтық комиссиялар тиісті жұмыс жүргізді. Белгілі бір ереже бекітілді. Ал алдағы сайлауға дайындық процесінде бізбен бірге денсаулық сақтау органдары да жұмыс істеп жатыр», – деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Серік Сыдықов.

Сонымен қатар, сайлау онлайн режимде өтпейді. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Сайлау процесі «Сайлау туралы» заңмен реттелетінін және заңнамамызда онлайн-дауыс беру мәселесі қарастырылмағанын жеткізді. Яғни, әдеттегі қағаз бюллетеньмен өткізіледі. Бұдан бөлек, Мәжіліс сайлауы туралы онлайн-сауалнаманы барлығы бірдей өткізе алмайтыны белгілі болды. Мұндай сауалнамаларды қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу бойынша бес жылдық тәжірибесі бар заңды тұлғалар ғана жүргізе алады. Сайлау жарияланған күннен бастап әрекет ететін нормаларды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Комиссия мүшелері әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланушылардан заңдарды қатаң сақтауды сұрады. Айта кетейік, 2021 жылдың қаңтарында Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауын ұйымдастыруға 15,3 млрд теңге жұмсалады деп жоспарлануда.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир