Президент Францияның сыртқы сауда делегат-министрін қабылдады

Ақорда
Ақорда

40-тан астам француз компаниясының жетекшілері елімізбен іскерлік байланыстарды ілгерілетуге ниетті  

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекет басшысы Астана халықаралық форумының аясында Франция сыртқы сауда делегат-министрі Лоран Сен-Мартенмен, Франция Ұлттық ассамблеясы шетелдік істер жөніндегі комиссиясының президенті Бруно Фукспен, сондай-ақ EDF, SUEZ және Sanofi компанияларының жетекшілерімен кездесті, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Франция Қазақстанның Еуропа Одағы елдері арасындағы негізгі сауда және инвестициялық серіктесі екенін атап өтті.

«Соңғы жылдары екіжақты сауда көлемі және елімізге келетін француз инвестициясы ұдайы артып келеді. Бұл экономикалық байланыстарды нығайтуға тараптардың ортақ ұмтылысын байқатады. Мемлекет басшысы осындай оң динамиканы сақтау қажет екенін айтты», - делінген хабарламада.

Қасым-Жомарт Тоқаев 17 келісімге қол қойылған қазақ-француз бизнес-форумының нәтижесін жоғары бағалап, уағдаластықтарды уақтылы орындаудың маңызына назар аударды.

Әңгімелесу барысында энергетика, атом өнеркәсібі, денсаулық сақтау, фармацевтика, су ресурстарын басқару және басқа да салаларда өзара ықпалдастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы орайлы сәтті пайдалана отырып, Франция Президенті Эмманюэль Макронға ыстық ықыласын жолдады.

Лоран Сен-Мартен Астанаға 40-тан астам француз компаниясының жетекшілері келгенін, әртүрлі саланы қамтитын ұжымдар елімізбен іскерлік байланыстарды ілгерілетуге ниетті екенін жеткізді.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Франция арасындағы сауда айналымының көлемі 5,5 миллиард долларға жетті. Бұл тауар айналымының 31 пайызға ұлғайғанын көрсетеді. 2005 жылдан 2024 жылға дейін Францияның елімізге құйған тікелей инвестиция көлемі 20 миллиард долларды құрады.

Оқи отырыңыз: Жастарды өркениетті қоғам құруға үндеуіміз керек: Президент Астана халықаралық форумында сөз сөйледі

Новости партнеров