Қызылордада жұмысшы және орта буын кадр мәселесі қалай шешілуде

Almaty.tv
Almaty.tv
Өңірде 28 колледж бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қызылорда облысында жұмысшы және орта буын кадрларын даярлайтын 28 колледж бар. Ондағы 20 мыңға жуық студенттің 7 мыңнан астамы нақты мамандық бойынша білім алуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қала тұрғыны Айдос Сүлейменовтің тіршілігі таңмен таласа басталады. Ол 15 жылдан бері «Қызылорда тазалығы» мекемесінде жүргізуші болып жұмыс істейді. Қаланың тазалығына жауапты маман шаһарды шыр айналып күніне 150 шақырымдай жолды жүреді.

– Жұмыстың оңайы жоқ. Азанда шығамыз. Таңғы бестен кешке дейін қаланың тазалығына жауаптымыз. Техника да өзге, бұрынғыдай күрекпен лақтырып әуре болмайсың. Бір жинағанда 7-8 тонна қоқыс шығады. Халық та тазалыққа өте жақсы үйреніп қалды. Жұмысшылар біреуі келсе, біреуі кетеді. Ұлым – механик, – деді көлік жүргізушісі Айдос Сүлейменов.

Жасыратыны жоқ, бұл мамандықты таңдайтын жастардың қатары сирек. Дегенмен орта арнаулы оқу орындарында білім алушыларға жағдай жасап, салаға деген көзқарас өзгерген. Өңірдегі Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде оқу үдерісіне енгізілген жаңашылдық – үш тілде оқыту. Ал дуальды білім беру жүйесіне көшкен Қармақшы аграрлы-техникалық колледжінің студенттері 40 пайыз теориялық білім алса, қалған алпыс пайызын өндірісте өткізеді. Бұл жас мамандардың жұмыспен қамтылуына да оң әсерін тигізбек.

– Біздің колледждің базасында 10 мамандық бойынша студенттер тәрбиеленуде. 2020-2021 жылы 300 млн теңге қаржыға «Жас маман» жобасы бойынша тиісті заманауи үлгідегі жаңа технологиялармен жабдықталған. Осы бағытта 400-ге жуық студент білім алуда, – деді М. Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінің директоры Бектұр Қали.

– 2025 жылды «жұмысшы мамандық жылы» деп жариялағаны елдің дамуына үлкен септігін тигізеді. Кәсіптік білім саласында бәсекеге сай, заманауи қажетті мамандықтарды дайындайды, – деді облыстық мәслихат депутаты Мақсұт Нәлібаев

Табанды еңбегімен табысқа жетіп жүрген жандар қашан да құрметке лайық. Кәсіби білім беру жүйесін реформалап, жұмысшы мамандықтарға басымдық беру – еңбек адамының мәртебесін көтерумен қатар, ел экономикасын білікті мамандармен қамтуға жасалған қадам.

Асқар Сәрсенұлы, Т.Әділбекұлы «Алматы» телеарнасы, Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз: Оралда ТЖМ қызметкерлері қаңғыбас итті құтқарды

Новости партнеров