|
02.09.2022 | 19:17
5367

Баланың шотындағы қаражат қандай валютада сақталады – сарапшылар

Ұлттық қордағы табыстан түсетін қаражаттың бір бөлігі баланың шотына аударылады

Баланың шотындағы қаражат қандай валютада сақталады – сарапшылар egemen.kz

2024 жылдан бастап 18 жасқа дейінгі балалардың шотына түсетін ақшаны түрлі валютада сақтау керек. Сонда ұрпағымыздың ақшасын инфляция жұтып жібермейді. Мәжіліс депутаты Айдос Сарым осындай ұсыныс айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ал экономистер болса, қаражаттың доллармен сақталып тұрғанының өзі жеткілікті дейді.

18-ге толғанша Ұлттық қордағы инвестициялық табыстан түсетін қаражаттың бір бөлігі баланың шотына аударылып отырады. Ал шоттағы қаражат қандай валютада сақталады деген сауал барлығының көкейінде бар. Себебі кәмелет жасқа толғанда жиналған қаражат жыл сайын көтеріліп жатқан инфляцияның қасында тиын болып қалуы мүмкін деген күдік тағы бар. Мәжіліс депутаты Айдос Сарым ондағы ақшаны түрлі валютада ұстаған абзал дейді.    

«Бәлкім, мультивалюталық дейді ғой. Әр валютаға салатын принцип болу керек шығар. Қалай болғанда да Ұлттық қордың негізгі операторы Ұлттық банкте біздің алтын қаржы қорымыз бар, сақтаумен келе жатыр ғой. Яғни, дәл осы механизм балалардың болашағына деген ақшаға да тиесілі болуы керек сияқты», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым

Ал экономист Мақсат Халық өздігінен зерттеу жүргізіп, болжам жасап отыр. Маманның сөзінше, қазір қорда 52,5 миллиард доллар ақша бар. Жыл сайын 10 пайыздық түсім 5 миллиард доллар болады. Ал оның 50 пайызын елдегі шамамен 6 миллион 100 мың балаға бөлгенде, әр балаға 400 доллардан түсіп отырады. Экономист, егер қордың табысын арттырып, 18 жыл бойы тоқтамай ақша түсіп, ол банкте депозит ретінде сақталып тұрса, кәмелеттік жасқа толғанда 15 миллион теңгеге жуық қаражат жиналады деп болжайды. Мұндай ақша түсіп отырғаннан кейін, халықтың да белсенділігі көтеріліп, қордағы ақшаны қадағалауға талпынысы артады.  

«Шот ашылып, ұлттық қордан қандай да бір түсімдер түсе бастаса, онда әрбір отбасы белгілі бір дәрежеде азаматтық белсенділік таныта бастайды. Ұлттық қордың қаражаты қалай жұмсалып жатыр? Неге оның табысы ұлғамай жатыр? Бұл инвестициялық табыс көбірк болу керек қой деген нақты талаптар қойыла бастайды», –  деді  UIB бизнес мектебінің директоры, экономист  Мақсат Халық.

Ал Қаржы министрлігінің ақпарына сай былтыр инвестициялық табыс 5,3 миллиард доллар болған екен. Қаржы нарығы күн сайын өзгеріп отырғандықтан нақты болжам айту қиын. Дегенмен ведомство өкілдері алдағы бір жылда механизмді дайындап, барлық тәуекелдер ескерілетінін айтты.

«Баланың шотына түсіп отыратын ақшаны әр ата-ана онлайн бақылап, көріп отыруы үшін жағдай жасаймыз. Енді  Президент тапсырманы кеше ғана берді ғой. Алдағы бір жылда бүге-шүгесіне дейін зерттеп, механизм дайындаймыз», – деді ҚР Қаржы министрлігі департамент директорының орынбасары Олжас Бейсембаев.

Енді 2024 жылдан бастап Қазақстандағы кез келген 18-ге толмаған баланың шотына Ұлттық қордағы инвестициялық табыстың бір бөлігі аударылып отырады. Президенттің айтуынша, осы уақытта жиналған қаражат кәмелет жасына толған азаматтың жыртығын жамауына жеткілікті.  

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир