Атырауда «Газель» мен автобус соқтығысып қалды

ҚазАқпарат
ҚазАқпарат
Жол-көлік оқиғасының салдарынан бірнеше адам әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырауда жол апатына ұшыраған «Газель» жүргізушісі мен автобус жолаушылары ауруханаға түсті. Атырау қалалық Полиция басқармасынан мәлім еткендей, жол-көлік оқиғасы 29 мамырда, сағат 19:00 шамасында болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Жол апаты мұнайлы шаһарға таяу орналасқан Тасқала-3 елдімекеніндегі 18-ші және 21-көшенің қиылысында болған. Жолаушы тасымалдайтын Daewoo маркалы автобустың жүргізушісі оң жақта келе жатқан «Газель» көлігіне жол бермеген. Осылайша, автобус жүргізушісі жол-көлік оқиғасына себепкер болды. «Газель» көлігі соққы екпінімен аударылып, көше жарығының бағанына соғылды», - деп хабарлады Атырау қалалық полиция басқармасынан. 

Жол-көлік оқиғасының салдарынан бірнеше адам әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Оның ішінде «Газель» көлігінің жүргізушісі мен қоғамдық көліктің бірнеше жолаушысы бар. Полиция қызметкерлері тергеуді бастады. 

«Атырау облысында жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері анықталып отыр. Бұл – елді мекенде қозғалыс жылдамдығын арттыру, қарсы бағытқа шығу және басты жолақтағы көлікке жол бермеу», - деп мәлім етті облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.


Новости партнеров