Петропавлда 39 жастағы әйел басқа қалаға жұмысқа кеткен қызының сәбиінен бас тартып, 3 айлық баланы полиция инспекторына ұстатып жіберген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Басылым мәліметінше, 15 қарашада Петропавл қалалық ІІБ ювеналды полиция бөліміне қорғаншылық бөлімінен 39 жастағы әйелдің 3 айлық немересінің тағдырын шешуге көмек сұрағаны туралы хабарлама келіп түскен.
Хабарламада қазанның соңында баланың 18 жастағы анасы басқа қалаға жұмысқа кетіп, қайтып оралмағаны айтылған. Ал 39 жастағы әжесі мемлекеттік органдардан баланы өзінен алып кетуді сұраған.
"Баланың 18 жастағы анасы қазан айының соңында басқа қалаға жұмысқа кеткен және осы уақытқа дейін оралмаған. Әжесі мемлекеттік органдардан өзінен баланы алып кетуді сұраған. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері сәбидің анасының жүрген жерін анықтауда. Оған қатысты ата-ана міндетін тиісті орындамау туралы мәселені комиссиялық жолмен қарау арқылы әкімшілік сипаттағы шаралар қабылданатын болады", – деді СҚО ПД баспасөз қызметінің инспекторы Нұрбек Баекин.