Үйлену тойына ақша жетпеген: Шымкентте ерлі-зайыпты кәсіпкерлерді азаптап өлтірген жігіт сотталды

Үйлену тойына ақша жетпеген: Шымкентте ерлі-зайыпты кәсіпкерлерді азаптап өлтірген жігіт сотталды
Қаладағы белгілі кәсіпкерлерді 2019 жылдың ақпанында қатыгездікпен өлтіріп кеткен еді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкентте ерлі-зайыпты кәсіпкерлердің өліміне қатысты атышулы сот ісі аяқталды. Екі кісі өлтіргені үшін сотталған Ерсұлтан Құлахметов 25 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Sputnik.

2019 жылдың 6 ақпанында Шымкент орталығындағы жеке тұрғын үйде қарт ерлі-зайыптының асқан қатыгездікпен өлтірілгені белгілі болды.

64 жастағы отағасының басынан оқ атқан. Ал оның 62 жастағы әйелі кеудесі мен мойнынан көптеген пышақ жарақатын алған. Қатты соққыдан әйелдің бірнеше сүйегі сынып кетіпті.

Полицейлер анықтағандай, қылмыскер немесе қылмыскерлер құрбандарын жақсы білген, үш қабатты зәулім үйдің ішінде адаспай жүргені байқалды.

Қаскүнем ақша мен жалпы құны 4 миллион теңге алтын бұйымдарды тонап кетеді. Сейфті кілтпен ашыпты. Ерлі-зайыптының туыстары полицияға берген мәлімет бойынша, үйде бұдан да көп ақша мен қымбат бұйымдар болған, бірақ қарақшы оларға тиіспеген екен.

Қариялардың әр қайсысында жеке коммерциялық кәсіпорын болған, табысы мол бизнеспен айналысып жүріпті. Қаралы күні үйде ерлі-зайыптының 14 жастағы немересі де болған. Ата-әжесіне қонаққа келген екен. Алайда болған жайттан кейін қатты есеңгіреп қалған қыз полицияға мардымды ештеңе айта алмады.

Оның айтуынша, түнде айғай-шуды естіген, бірақ атасы мен әжесі ұрысысып жатқан шығар деп ойлапты. Қыз бала қатты қорқып, көрпені басына жауып алады да, ұйықтап кетеді. Түнде оянып, әжесін іздегенде, қанға малынып жатқан қарттарды тауып алады. Қыз бірден анасына хабарласқан.

Тергеушілер анықтағандай, қарақшы бірінші қабаттағы пластик терезе арқылы кірген. Ас үйдегі терезенің жақтауы бұзылыпты. Терезе алдында тұрған тоңазытқыштың үстінде полицейлер бәтеңке ізін тауып алды. Көршілерден сұрастыра келе, кейбірінің үйінде бақылау камералары бар екені анықталады. Жазбалардың арқасында жедел қызметкерлер қылмыскердің үйге қалай келгенін білді.

Белгілі болғандай, кешкі он кезінде шамамен 30-дағы жігіт медициналық маска киіп, қолындағы сөмкесімен бизнесмендердің үйіне қарай өтеді. 30-40 минуттан соң сол жолмен қайта келіп, таксиге отырады да, кетіп қалады. Келесі күні полиция таксисті іздеп тапты. Ол клиентті жеткізіп салған мекенжайды айтып берген. Полицейлер сол ауданды тінтіп, 16 ақпанда күдікті қолға түсті. Ол – 28 жастағы Шымкент тұрғыны Ерсұлтан Құлахметов.

Бірінші тергеуден-ақ ол бәрін мойындады. Бұрын қариялардың жеке шопыры болып істепті. Отбасын жақсы таниды, зәулім үйде жиі болған көрінеді. Кейін жұмыстан кетіп, басқа қызметке ауысады. Жақында үйленбек болып, ақша жетпеген соң, бұрынғы жұмыс берушілеріне қарақшылық жасауға бел буған. Ерлі-зайыптыны өлтіруді алдын ала жоспарлапты.

Ол үшін базардан ешбір құжатсыз аңшы мылтығын сатып алады. 5 ақпанға қараған түні қаруды сөмкеге салып, медициналық маска киіп, ауыр қылмыс жасауға аттанған.

Биік дуалдан еш қиындықсыз асып түскен ол бұрауышпен асүйдің терезесін бұзып кіріп, теледидар дыбысын естиді. Қонақ бөлмеде үй иесі отыр екен. Ерсұлтан шалт қимылдап, қарттың бетіне оқ атады. Қылмыскер жатын бөлмеге барып, қарт әйелдің қасында жатқан қыз баланы көреді. Бизнесменнің әйелін өлтіруге тағы бір оғы қалған еді.

Алайда сол сәтте қызға жаны ашып кетеді. Құлахметов сотта айтқандай, балаға зияны тиер ме деп әжесін көз алдында атпауды жөн көреді. Сол себепті асүйге барып, үлкен пышақ тауып алған. Оқ үнінен оянған қарт әйел дәлізге шығады. Ерсұлтан оған 20 рет пышақ сұққан. Кейін үй иесінің қалтасынан кілт алып, сейфтегіні түгел тонап кетеді. Содан соң түк болмағандай шығып, таксимен өз үйіне жеткен.

Ұрлаған дүниесін пайдаға жаратып үлгермепті, полиция оны тез қолға түсірді.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты Ерсұлтан Құлахметовті екі кісі өлтіріп, қарақшылық шабуыл жасағаны үшін, сондай-ақ заңсыз қару пайдаланғаны үшін 25 жылға соттады. Жаза мерзімін қауіпсіздік деңгейі ең жоғары колонияда өтейді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Новости партнеров