Алматы облысының полициясы балаға қарақшылық шабуыл жасады деген күдікпен 21 жастағы жігітті іздеп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
29 мамырда Үшарал аудандық ауруханасына пышақ жарақатын алған 10 жасар бала түсті. Абырой болғанда, жарақаты өміріне қауіп төндірмеген, ол өзіне шабуыл жасаған адамның түр-сипатын полицейлерге айтып берді.
«Күдікті баланың ата-анасы жоқтығын пайдаланып, үйге алдап кірген. Жасөспірімге 24 жерінен пышақ жарақатын салып, 20 мың теңгені алып кеткен. Жедел қызметкерлер зардап шеккен жасөспірімнің сипаттауы бойынша, күдіктінің кім екенін бірнеше сағат ішінде тапқан. Қазір оны ұстауға өңірдің бүкіл полицейлері жұмылдырылды. Суреті мен сыртқы белгілері елдің барлық полиция бөлімшелеріне жіберілді», – делінген Полиция департаментінің баспасөз қызметінде.
Күдіктіні көрген немесе қайда жүргені туралы қандай да бір ақпарат білгендер болса, 8 (7282) 608-035, 608-074, 603-057, 8 775-696-37-17 немесе 102 нөміріне хабар беруін сұраймыз.