Қаскелеңде көпқабатты үйде болған жарылыстан тағы бір адам қайтыс болды. Мұның алдында 10 жастағы баланың қаза тапқаны айтылған еді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері 1939 жылғы әйелдің аудандық ауруханада қайтыс болғанын айтты. «Жансақтау бөліміне түскен соң әйелге регидратациялық және шокқа қарсы терапия жүргізілді. Бірақ жүргізілген емге қарамастан сағат 17.30-да әйел көз жұмды», - деп хабарлады ведомство өкілдері. Көпқабатты үйдің тұрғындары уақытша басқа үйге көшірілді. Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев ауруханада жатқан тұрғындармен кездесті. «Алматы облысы әкімінің тапсырмасымен сіздерге барлық көмек көрсетіледі. Бірінші кезекте мамандармен тұрғын үйді тексереміз. Сосын ғана үйді қалыпқа келтіреміз. Құрылыс компаниясы жұмысқа кірісу дайын, тек бұйрық күтіп отыр», - деді аудан әкімі.