|
08.01.2020 | 10:09
4715

Алматыда үш адам газдан уланып қайтыс болды

Олар жылытқышты өз беттерінше қоспақ болған

Алматыда үш адам газдан уланып қайтыс болды

Түрксіб ауданында болған қайғылы жағдайдан көз жұмғандар – ерлі-зайыпты мен олардың туыс бауыры. Қайғылы жағдайды қалалық төтенше жағдайлар департаментіне марқұмдардың туыстары хабарлаған. Мамандар үй иесі газды заңсыз қолдан жалғап алғандығын анықтапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Газ құбырын өз беттерінше жалғап алып, заңсыз тұтынып келген отбасының жарығы сөнді. Тілсіз жаудың құрбаны болған ерлі-зайыптылардың бірі 60-та, екіншісі 70-те болған. Ал 22 жастағы азамат үй иесінің туысқаны болып шықты. Төтеншеліктердің айтуынша, тұрғын үйіне газды белгісіз электр пешті орнату арқылы жалғап алған. Тіпті қарапайым құбыр мен пештің түйіскен жері арнайы бекітілмепті. Салдарынан көгілдір отын сыртқа шығып, үй ішіне тараған.

«Пеште саңылау пайда болған. Соның салдарынан құрылғы істен шығып, көгілдір отын үйді жайлаған. Соның салдарынан үйдегі үш азамат уланып, көз жұмды», – дейді Алматы қаласы ТЖД басшысының орынбасары Арман БӘЙГЕЛОВ.

Бұл қайғылы оқиғадан кейін төтеншеліктердің тұрғын жайларды тексерісі тіптен күшейген сыңайлы. Қауіпсіздік сақшылары әр үйді аралап, пештерінің қалай орналасқандығын тексеріп жатыр.  

"Газды да қойғанымызға біраз болды. Мен өзім үшін барлығын тексертіп, түгел қарап отырамын. Және де өзім үшін қауіпсіздік шараларын көріп отырамын, тексертемін, тазарматын. Тексерушілер келіп тексеріп тұрады, қағаздарын беріп, қалай қолдану керектігін толықтай түсіндіріп кетіп отырады", - дейді Фархад ЕЛМЫРЗАЕВ.

Мамандардың айтуынша, қалалықтарды жылыту мерзімі бастала сала қауіпсіздік ережесін сақтауды үнемі ескертіп отырады. Көп жағдайда, апат адамдардың қарапайым шараларды ұстанбай, немқұрайлы қарауынан пайда болады дейді.

«Көбіне жылытқыш пеш үйден бөлек жерде электрге қосылып тұрады. Егер пештің газы өшіп қалып, сол уақытта жарық жағылатын болса, онда жарылыс болуы мүмкін. Сондай-ақ тұрғындар пеш тұратын бөлменің терезесін жиі жабық ұстайды. Оның соңы осындай апатты жағдайға алып келеді. Бөлме терезе арқылы желденіп тұруы керек. Үйлердің басым бөлігінде газды бақылауға арналған анализатор орнатылмаған», – деді Алматы қаласы Түрксіб аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Нұржан НҰРТАШЕВ.

Биыл жылыту кезеңі басталғалы бері қалада газдан уланып, адам шығыны болған алғашқы жағдай осы. Ал былтыр көгілдір отынмен уланған 66 факт тіркеліпті. Оның 33-і балалар. Абырой болғанда, ешкім опат болмаған. Енді төтеншеліктер тұрғындардан жылыту құрылғыларын қатаң тексеріп, қауіпсіздік ережелерін дұрыс ұстануларын сұрайды.

Назкен Еркін, Сания Матынова, Қобылан Әлдібеков «Алматы» телеарнасы. 

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир