Алматыда 3 автобус пен жеңіл көліктің соқтығысуы салдарынан жарақат алған 3 адам ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Бұл туралы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Негізі жол-көлік оқиғасы кезінде 17 адам зардап шеккен. Оның үшеуі оқиға орнында ем шараларынан бас тартса, 14-і түрлі деңгейдегі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Қажетті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін 10 азамат тұрғылықты мекенжайы бойынша амбулаторлық емделуге жіберілген. Оның біреуі ауруханаға жатудан бас тартыпты.
– Жол апаты орнында жедел жәрдем бригадасы көмек көрсетті. Оқиға салдарынан жарақат алған 14 адам ауруханаға жеткізілді. Барлығының жағдайы орташа ауыр. Барлық қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр, – деді Алматы қалалық Жедел медициналық жәрдем қызметінің директоры Арман Тойбеков.
Айта кетейік, жол-көлік оқиғасы бүгін таңертең сағат 9:00-де Райымбек даңғылының бойында болды. Алдын ала мәлімет бойынша, шығыс бағытта келе жатқан №54 автобустың жүргізушісі алдында кетіп бара жатқан №133 автобусқа және «Нексиа» маркалы автокөлікке соқтығысқан. Салдарынан инерция күшімен №133 автобус бірінші кетіп бара жатқан №88 автобусқа соғылған. Видеода қоғамдық көліктердің терезесінің сау-тамтығы қалмағаны көрінеді. Әзірге үш автобустың да жеке тасымалдаушыларға тиесілі екені белгілі. Оқиғаның мән-жайын Медеу аудандық Полиция бөлімінің қызметкерлері анықтап жатыр.
Оқи отырыңыз: Қарағанды облысында жұртты дүрліктірген азамат ұсталды