Ақтөбеде «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6655-әскери бөлімінің қызметкері, ефрейтор Андрей Петров қызды зорлықтан құтқарып қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 15 маусымға қараған түні сағат 03.00 шамасында болды. Андрей өз пәтерінің балконына шыққан кезде көмекке шақырған әйелдің даусын естиді. Аяқ киімін кие сала, сыртқа жүгіріп шыққан ол, бұталардың арасында әйелге сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсетіп жатқан ер адамды көреді. Оны бірден шетке итеріп жіберіп, қоян-қолтық ұрыс тәсілімен жығады да, 102 телефонына қоңырау шалады. Полицейлер келгенге дейін сытылып кетуге тырысқан күдіктіні жібермей ұстап тұрған.
«Бұл – ерлік емес. Кез келген адам осылай жасар еді. Көмекке шақырған адамға қол ұшын беру – әркімнің де борышы», – дейді ефрейтор Андрей Петров.
Ұлттық ұлан жауынгеріне алғысын білдірген жәбірленуші полицияға шағым түсірді. Ұсталған ер адам уақытша оқшаулау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Қырағылық пен батыл іс-әрекеті үшін 6655-әскери бөлім командирі, полковник Мирас Тұрдалин ефрейтор Андрей Петровқа салтанатты түрде мақтау қағазы мен бағалы сыйлық табыс етті. Айта кетейік, Андрей – Жем қаласының түлегі, Ұлттық ұланда 2017 жылдан бері қызмет етеді.