Петропавлда бес қабатты ғимарат өртеніп, 2 адам қаза тапты

 фото: pkzsk.info
фото: pkzsk.info
Екі адам сол жерде қайтыс болып, 13 адам жарақат алды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Петропавлда болған апатқа нақты себеп – газ баллонының жарылуы. Екі адамның өмірін қиған оқиғаға қатысты төтеншеліктер толық ақпарат таратты. Мәселенің бәрі 5 қабатты ғимараттың бірінші қабатындағы дәмханадан басталған. Толығырақ Almaty.tv тілшісі өңірдегі әріптесім тарқатсын.

Людмилла Чикунова 4 жыл бойы дәл осы жатақханада тұрған. Газ балоны жарылған сәтте ол баласы екеуі үйде болғанын айтады.

«Бұл, әрине, қорқынышты болды. Бала сурет салып отырды, кейін жарылыс естілді. Тіпті, балам орнынан секіріп түсіп, жиһаз да жылжып кетті. Мен бірден күйіктің иісін сездім, баланы жинай бастадым. Біздің қабаттың есігі жабылып қалған, баланы әзер шығарып алдық», – деді Петропавл қаласының тұрғыны Людмилла Чикунова.

Бұл үйге орталық газ жүйесі тартылмаған. Тіпті, жатақхана бұрын апатты жағдайда болған. Алайда жөндеу жұмыстары жасалған соң ол тізімнен шығарылған екен.

«Кейбіреулері газды, ал басқалары плиткаларды қолданатын. Бұл үй орталық газбен қамтамасыз етілмеген. Міне, көріп отырсыз ғой. 90-жылдардан бастап бізге газды пайдалануға рұқсат берді. Әрине, сөз жүзінде ғана, ешқандай құжаттар ол кезде толтырмады», – деді Петропавл қаласының тұрғыны Гүлнара Дилова.

Апат болған жерге облыс әкімі де келді. Құмар Ақсақалов зардап шеккен пәтер иелеріне қаржылай көмек көрсетілетінін айтты.

«Осы ғимаратты толығымен қалпына келтіру үшін қаланың бюджетінен тиісті қаражат бөлініп, біз толығымен жөндейтін боламыз. Бүгін қаражат бөлінетін болады. Тез арада жұмысқа кірісеміз», – деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.

Ал, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы жарылыстың неден шыққанын айтып берді.

«Қаражорға» дәмханасы шаштараз салонымен көршілес тұрған. Мына терезеден соң дәмхана болды. «Каражорға» дәмханасы әрі қарай «Хочу шашлык» дәмханасымен байланысады. Яғни, жарылыс нәтижесінде тірек қабырғалары, оның ішінде негізгі қалқалар құлады. Бір сөзбен айтқанда, бүгінде 3 кәсіпкерлік субъекті бір бөлмеде орналасқан. Жарылыс дәмхананың ас үйінен болғаны анықталған. Кейін өрт сөндірушілер газ баллонын алып шыққан», – деді Облыстық ТЖД басшысы Рамиль Камалов.

Алапат жарылыс дәмханада сағат 15:54-те шыққан. Тілсіз жау ғимараттың жартысына таралған. Қазіргі уақытта бұл жерде полиция қызметкерлері жедел-тергеу жұмыстарын жүргізуде.

Қазіргі таңда жарылыстан зардап шеккендердің екеуі облыстық көпбейінді ауруханада жатыр. 1997 жылғы екі ер азамат реанимацияда, алайда олардың жағдайы ауыр деп бағалануда. Тағы бір 10 жастағы бала облыстық балалар ауруханасында. Апат кезінде эвакуацияланған 120 адам уақытша Солтүстік Қазақстан университетінің жатақханасына жайғастырылған. Ал, екі адамның өмірін жалмаған оқиғаға қатысты қылмыстық іс те қозғалған.

Диана Есім, Қуаныш Әлтенов, «Алматы» телеарнасы, Петрпоавл қаласынан

Новости партнеров