Шымкент тұрғыны намаз оқып жатқан сәтінде көлігінен айырылып қалған. Бұзақы мешітке кіріп кеткен ер адамның көлігін ұрлап кеткен, деп жазады otyrar.kz.
Оқиға 30 сәуір күні орын алған. Намазын аяқтап, мешіттен шыққан азамат тұрақтан көлігін таппай қалған.
Көлік иесі бірден «102» қызметіне қоңырау шалып, темір тұлпарын әлдекімнің ұрлап кеткенін хабарлаған. Полиция бұзақыны ұстау жоспарын жариялап, жедел басқару орталығында бейнебақылау камералары арқылы ұрланған көлікті қаланың орталығынан анықтаған.
Патрульдік полиция мекенжайды алып, бөтен адам көлігін айдап кеткен азаматтың ізіне түскен. Бұзақы соңына дейін қашып құтылмақ болды. Алайда, Аймауытов көшесіне бұрыла бергенде жіңішке көпірден өте алмаған. Ол көлікті тастап, өзі қашып кеткен.
«Мазда» айтарлықтай зардап шекпеген. Бүгінде темір тұлпар өз иесіне қайтарылды. Алайда алдымен тәртіп сақшылары автокөлік салонындағы саусақ іздерін алған. Қазіргі таңда, бұзақыны іздестіру жалғасып жатыр.