Талдықорған қаласында өткінші екі азамат аса қауіпті қылмыскерді ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері қылмысқа қарсы күрес пен жолын кесу ісінде батылдық пен белсенділік танытқаны үшін Талдықорған қаласының екі тұрғынын марапаттады. Жақын маңнан өтіп бара жатқан екі жас жігіт әйел адамға қастандық жасаған қылмыскерді құрықтаған.
“Сағат 18.00 шамасында облыс орталығының саябағында белгісіз біреу жаяу жүргінші жолымен келе жатқан әйел адамға шабуыл жасап, оны тұншықтыра бастаған. Осылайша, қаскүнем қарсыласусыз азаматшаның сөмкесін тартып алып, жасырынбақ болған сәтінде, бұл жағдайдың куәгері боған екі азамат өздерімен бірге келе жатқан бойжеткендерді азаматшаның жанына қалдырып, күдіктінің соңына түскен. Олар қылмыскерді қуып жетіп, полиция наряды келгенше оның жанында болған. Нәтижесінде күдікті полиция бөліміне жеткізіліп, жәбірленуші өз кезегінде батылдық танытып, өзін қорғаған азаматтарға алғысын білдірді”, – деп хабарлайды Талдықорған қалалық полиция басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Өтегенов.
Тәртіп сақшылары О. есімді күдікті азаматтың 1984 жылғы Талдықорған қаласының тұрғыны екенін, бұрын да бірнеше рет ұрлық, тонау және қарақшылық шабуыл жасау деректері үшін сотталғанын және қылмыс жасау кезінде мас күйінде болғанын анықтады.
“Қазіргі уақытта Талдықорған қалалық соты ұсталған азаматты аса қауіпті рецидивист деп танып, оған қатысты қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемелерінде жазасын өтеумен 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды”, – деп толықтырды Өтегенов.
Ерікті 18 жастағы Талдықорған қаласының тұрғындары – Носко Дмитрий Андреевич пен Сергей Набирухин, Алматы облысы Полиция департаменті бастығының бұйрығымен батылдық пен ерлік танытқандары үшін марапатталды. Аса қауіпті қылмыскерді құрықтаудағы еңбектері үшін оларға салтанатты түрде алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.