Ақтөбеде 4 геолог жоғалып кетті. Кешеден бері олардан хабар жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департамент баспасөз қызметінің хабарлауынша, 26 қараша сағат 15:00-ден бастап (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша) Әйтеке би ауданы Қайрақты ауылдық округі Талдық ауылы маңынан 4 геологты іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Олар 25 қараша күні сағат 10:30-да Қарабұтақ – Талдық – Қайыңды – Қайрақты ауылары бағыты бойынша «УАЗ» маркалы көлікпен шыққан. Соңғы рет 25 қараша күні сағат 18:00-де Талдық ауылына жете бергенде байланысқа шыққан.
«Бүгінгі күні құрамында 33 адам және 8 бірлік техникадан тұратын 5 іздеу тобы жұмылдырылды. 27-қараша күні сағат 11:00-де авиа іздеу үшін «Қазавиақұтқару» еврокоптері (Ақтөбе-Құмсай-Қайрақты-Қайыңды-Милысай-Аралтоғай) ұшты»,– деді Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметі.