Атырауда жедел-іздестіру іс-шаралары барысында заңсыз есірткі сатумен айналысқан күдікті ұсталып, 67 грамм синтетикалық зат тәркіленді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Есірткіге қатаң тыйым салынып, жүйелі жұмыстар жүргізілсе де, облыс аумағында зиянды заттарды саудалайтындарға бұл сабақ болмай тұр. Мысалға, жыл басынан шаһарда синтетикалық өніммен ұсталған 17 тұлға анықталып, біреуінің шетелдік, төртеуінің атыраулық, қалғандарының өзге облыстардан келген алыпсатарлар екендігі белгілі болды. Сондай-ақ қала аумағында есірткі заттарын әзірлеген зертхана да табылыпты.
«Қала аумағында 67 грамм тыйым салынған синтетикалық өнімдерді тасымалдаумен айналысқан күдіктіге қатысты ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлімінің 3 және 5-тармағы бойынша қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілді», – дейді ПД ресми өкілі Дана Тілек.