Алматыда 1 маусым бастап блок-бекеттер толық алынды. Енді шаһарға кіріп-шығуға ешқандай кедергі жоқ. Сондай-ақ, мегаполисте карантин енгізілген уақыттан бастап, бекеттерде қызмет атқарған 700-ге жуық тәртіп сақшысы мен медицина қызметкерлері, сондай-ақ, санитар мамандары марапатталып, ақшалай сыйға ие болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыда 19 наурыздан бастап, қала шекараларына қойылған барлық 27 блок-бекет 31 мамырдан 1 маусымға қараған түні толықтай алынды. Арнайы техника мен манипуляторлар бетон қоршауларды арнайы көліктерге тиеп әкетті.
Ел басына түскен ауыр күндерде борышын абыроймен атқарған тәртіп сақшылары қызмет барысында заңға құлақ аспағандар да табылғанын айтады. Жалпы мегаполис бойынша анықталған 2 мың 200-ден астам құқықбұзушылықтың үштен бірі блок бекеттерде орын алған.
«Алматы өңіріндегі шекаралардағы орналасқан посттар толығымен алынады. Тек экологиялық бекеттер өзіміздің бұрынғыша жұмыстарын атқара береді. Қандай да бір кедергі болмайды. 2500-ға жуық азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соның жартысы осы блок-бекеттерден өтіп немесе қарсы шыққан азаматтар болған», – деді қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос МҰРАТӘЛИЕВ.
Карантин уақытында қалаға кіріп-шығу қатаң қадағалауда болғандықтан, барлық ауыртпалық полиция қызметкерлеріне түсті. Осы орайда арнайы мониторингтік топтар құрылып, қаладан өзге аумақтар арқылы шықпақшы болғандарды анықтауға көмектескен.
«Блок-посттарда еріктілер мен арнайы мониторингтік топ мүшелері жұмыс істеді. Әлеуметтік желілерде бізге келіп түскен түрлі ереже бұзушылық туралы ақпаратты дереу полицияға хабарлап отырдық. Бұдан басқа, құқық қорғау органдары мен Ұлттық ұлан да іске қосылып, қалаға кіріп-шығу үшін ақша беру секілді заң бұзушылардың жолын кестік. Қала үлкен болғандықтан, полицейлерге қиын болды», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің республикалық арнайы мониторинг тобы төрағасының орынбасары Рафаэль ГАСАНОВ.
Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде 1500 нан астам полицейлер мен өзге де мамандар облысқа өте алмағандықтан, қала әкімдігі қамтамасыз еткен жатақханалар мен хостелдерде тұрған. Себебі қауіпті індетпен күресте аталған мамандар алғы шепте болды.
Алматыда барлық 27 блок-бекеттердің жұмысының тоқталуына орай карантин уақытында екі жарым ай бойы халықтың игілігі үшін талмай қызмет еткен 700-ге жуық маман марапатталуда. Олардың ішінде полиция, медицина қызметкерлері және санитарлық жұмыстарды атқарған мамандар мен еріктілер де бар.
Блок-бекеттердегі жұмысқа жұмылдырылған мамандар тынымсыз екі ауысымда жұмыс жасаған. Физикалық және моральдық ауыртпалықтарға қарамастан, бұл жауынгерлер өз міндеттерін абыроймен атқарып, короновирус инфекциясымен күресуде маңызды үлес қосқандары үшін 1 айлық көлемінде ақшалай сыйға ие болды.
«Халықтың игілігі үшін қызмет атқарғанымыз үшін бәріміз қуаныштымыз. Үлкен бір жүк түскендей болды иығымыздан. Қала ашылып, күнделікті тыныс-тіршілігіне кірді. Ауыртпалықтың барлығы енді артта қалды деп ойлаймыз. Алдымызда мұндай күндер болмасын. Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын», – деді қалалық ПД жедел басқару орталығының ерекше тапсырмалары бойынша аға инспекторы Талғат МЕЙІРБЕКОВ.
«Өте ауыр жағдай болды. Вирустың барына көп ел сенген жоқ бұған. Ең бірінші санитарлық режимді сақтасын деп айтамын. Бұл осымен біткен жоқ әлі. Өршу әлі болып жатыр. Блок-бекетті алғанымен, ары қарай да санитарлық режимді сақтауды сұраймыз», – деді № 11 қалалық емхананың учаскелік мейірбикесі Ақмарал АЛПЫСОВА.
Айта кетелік, мегаполисте блок-бекеттердегі заң бұзушылықтардан өзге, карантин ережелерін сақтамағандар да жауапкершілікке тартылған.
«Бұл блок-бекеттердегі жұмыс күн-түні тоқтатылған жоқ. 19 наурызда түнгі 00.00-ден бастап өз жұмыстарын бастады. Алғашында, әрине, көптеген қиындық болды. Өйткені кейбір азаматтар карантиннің маңызы мен мақсатын түсінбей, қаланың шекарасынан өтпек болған. Жалпы, карантин кезінде 2293 азамат ТЖ және карантиннің талаптарын бұзған үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соттың шешімімен 607-сі әкімшілік қамауға алынды. Қалғандары айыппұл төлейтін болады», – деді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Десе де Алматыда әлі де карантин аяқталған жоқ. Полиция басқармасы әрбір азаматты қалаға себепсіз кіріп шығудан аулақ болуға шақырады. Сондай-ақ, барлық санитарлық нормаларды ұмытпай, тазалық шараларын қатаң сақтау қажет.
Аяулым Көлжігіт, Рашит Шүкірәлиев, Ғани Қалуов, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы