Алматыда халықаралық іздеуде жүрген екі ер адам ұсталды. Бұл туралы Қызылорда облыстық Полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ресми ақпарға сүйенсек, Қызылорда мен Алматы облыстық криминалдық полиция басқармасының бірлесіп жұмыс істеуі нәтижесінде күдіктілер Түрксіб ауданында ұсталған. Олардың мұндағы пәтерлердің бірін жалға алғаны анықталды. Қазіргі таңда халықаралық іздеуде жүрген екі азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Жедел іздестіру шаралары барысында тергеуден бой тасалап, халықаралық іздеуде жүрген Қызылорда облысының екі тұрғыны Алматыда құрықталды. Олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы (атыс қаруын қолданып, жасалған бұзақылық) және 24-бабы 3-бөлігі мен 99-бабының 2-бөлігінің 7,9-тармағы (бұзақылық ниетпен, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен өлтіруге оқталған) бойынша қылмыс жасаған деп айыпталуда», – деді Қызылорда облыстық ПД баспасөз хатшысы Гүлжаһан Қайырбергенова.