Оралда оқушылар сабақтан кейін ауруханаға жеткізілді

© Sputnik / Владислав Воднев
© Sputnik / Владислав Воднев
Сыныпта кварцты электр шамы қосылып қалған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Орал қаласының №3 мектебінде сабақта қосылып тұрған кварцты электр шамынан жетінші сынып оқушылары зардап шекті. Бірнеше баланың көзі күйіп қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстан  сілтеме жасап.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы таратқан мәліметке сәйкес, ауруханаға 8 бала келген. Ал, екі баланың ата-анасы жедел жәрдемді үйге шақырыпты.

«Қазіргі кезде балалардың барлығы үйде емделіп жатыр. Ауыр жарақат жоқ. Көздерін жуып, дәрі тамызып қойды. Енді олар демалуы керек. Жарық сәулеге қарауға болмайды», – дейді дәрігерлер.

Полиция департаменті ата-аналар тарапынан арыз түспегенін хабарлады.  

«Үзіліс кезінде кварцты электр шамын қосып қойған. Шамасы артынан сөндіруді ұмытып кетсе керек», – деп атап өтті полицейлер.  

Ал білім басқармасы кварцты электр шамын балалардың өздері қосуы мүмкін деп отыр.

«3 қыркүйек күні үлкен үзіліс кезінде сағат 15:35 пен 15:50-дің арасында балалар №218 кабинетте отырған. Мұғалім болмаған. Бәлкім, сол кезде шамды өздері қосқан шығар. Соның салдарынан сыныпта отырған балалар задап шекті», –  деді басқарма мамандары.

Айта кетері, тура сондай жағдай Өскемен қаласында болған. Бірнеше баланың көз шынайнасы күйіп қалды. Барлығы ауруханаға жеткізілді. Тексеріс кезінде бір кабинетте кварцты электр шамы бірнеше сағат бойы қосылып тұрғаны анықталды.


Новости партнеров