Еліміздің бірқатар аймағында күн райы бұзылып, апатты жағдайлар тіркелді

Еліміздің бірқатар аймағында күн райы бұзылып, апатты жағдайлар тіркелді
Алматыда дауылды ескерту деңгейі азаймай тұр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздің бірқатар аймағында күн райы бұзылып, апатты жағдайлар тіркелді. Бір ғана Түркістан облысында қатты жауын-шашынның салдарынан 5 елді мекенді су басса, Қарағанды облысында 6 миллиметрге дейінгі қалыңдықта қар жауған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Өткен түн түркістандықтар үшін оңайға соқпады. Облысқа қарасты Қазығұрт пен Сарыағаш ауданында жауған жаңбыр салдарынан жалпы 53 үйдің ауласы мен 18 тұрғын-жай, тойхана және 16 шаруашылық құрылысына зиян келген.

«Қалыпты нормаға сүйенсек, бұл аумақта жауатын жауын-шашынның мөлшері айына 58 мм-ден аспайтын», –  дейді мамандар.

Ал кеше бар болғаны 20 минутта 20 мм жаңбыр түскен.

 «Төтенше жағдайлар департаментінің 56 қызметкері 9 техника, 11 мотопомпа және жергілікті атқарушы органдардың 19 қызметкері 6 техника, 2 мотопомпа күшімен суды сору және арықтарды тазалау жұмыстарына кірісті», – деді ТЖД бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев.

Елдің орталығында да жағдай мәз емес. Бүгін Қарағанды облысына қарасты Шет және Ақтоғай ауданында 6 мм шамасында қар жауды. Синоптиктер табиғаттың бұл тосын құбылысына Солтүстік мұзды мұхиттан келетін суық фронт әсер еткен дейді. Мамандар өңірдегі ауа-райы 28 сәуірге дейін құбылмалы болады деп отыр.

«Қазір Қазақстанда антициклон байқалғандықтан ауа райы да тез құбылады. Жақын күндерде елдің солтүстігі мен орталығында күн жылып, ауа температурасы +23 градусқа дейін көтеріледі. Ал оңтүстік аймақтарда +30 градусқа дейін күн ысиды деп күтіліп отыр», – деді «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Есмағұлова.

Су басу Алматыны да айналып өтпеді. Түнімен жауған жаңбырдан бүгін қала көшелерінде қозғалыс қиындады. Төтенше жағдайлар департаментінің айтуынша, туындаған қолайсыздыққа арықтардың бітелуі  себеп болған. 

«Қала тұрғындарынан 112 желісіне 10 ақпарат түсті. Оның барлығы өңделді. Қазіргі уақытта қалада жағдай қалыпты. «Қазгидрометтің» ескертуі бойынша, қалада әлі де дауыл болады деп ескертілді», – деді Қалалық ТЖД Дағдарыс жағдайларында басқару басқармасының басшысы Бағдат Шайзада.

«Қазгидромет» мамандары елдің оңтүстігі және оңтүстік-батысында шаңды дауыл мен жел күшейетінін айтады. Алматыда дауылды ескерту деңгейі азаймай тұр. Анығырақ айтсақ, алдағы күндерде жаңбыр мен бұршақ жауып, найзағай ойнайды деп күтіледі. 

Мадина Оқас, Мейрам Исабеков, «Алматы» теларнасы





Новости партнеров