Облысқа бюджет бөлерде, төтенше жағдайларды да ескеру керек - сенатор

Фото:  Ringo H.W. Chiu
Фото: Ringo H.W. Chiu
Абай облысындағы өрттен 15 адам қаза болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Облысқа бюджет бөлерде, төтенше жағдайларды да ескеру керек». Абай облысындағы орман өртінен кейін өңірдегі ахуалды өз көзімен көрген Сенат депутаты Ольга Булавкина осылай деді. Айтуынша, жергілікті билік пен құзыретті министрлік оқиғаға қазір назар аудармаса, мұндай трагедия тағы да қайталануы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айта кетсек, 9 маусымда өртке қатысты сотқа дейінгі тергеу басталып, істің мән-жайын анықтауға 2 ай уақыт берілген еді.

Жалпы аумағы 60 мың гектарды құраған Абай облысындағы өрт алқаптарға жақын жатқан елді мекендерге қауіп төндірді. Оларды сондықтан да эвакуациялаған болатын.

– Мұндай алапат өрт бірінші рет болды. Әрине, қызыл жалын биыл ғана шарпыды дей алмаймын. Бірақ бұл жолғы апат кәдімгідей қорқынышты болды. Қою қара түтін желмен ауылға қарай төніп, айналаны қара түнек басты. Енді 60 мың гектар деген алақандай жер емес қой. Бір қала сиятындай аумақ өртеніп кетті, – деді Половинки ауылының тұрғыны Александр Шумилов.

– Бізді қайтып алып келген күні түтін мен күйіктің иісі болды. Жасыратыны жоқ, тереземізді аша алмадық. «Жағдай тұрақталды, ауылға қауіп жоқ» деп айтқанның өзінде, қобалжып отырдық. Себебі жел тұрса, түтін шығып жатты. Обал-ақ. Орманға, ондағы аң-құсқа айтарлықтай зияны келді. Қазір ауыл тұрғындары үйіне қайта келді, – деді Половинки ауылының тұрғыны Майра Хуснудинова.

Абай облысындағы табиғи апат басталған күннен бері 3 аптадай уақыт өтті. 14 маусымда қызыл жалынның оқшауланғаны, жағдайдың тұрақталғаны хабарланды. Алайда тілсіз жау салдарынан табиғатқа келген залал мөлшері мен шығын көлемі әлі нақты айтылмады. Жауаптылардың салғырт әрекетін оқиға кезінде өңірге барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та сынға алған.  

– Билік, жергілікті атқарушы органдар, құзыретті министрлік бүгін назар аудармаса, Абай облысындағыдай трагедия тағы да қайталануы мүмкін. Орман шаруашылығы жеткілікті жабдықталмаған. Оларда қажетті транспорт та, керек-жарақ та толық емес, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ольга Булавкина.

Сенат депутаты орман шаруашылығына бөлінетін бюджет мөлшерін де көбейту керек деген пікір айтты. Себебі берілетін қаражат тек өрт сөндіруге ғана емес, алқаптағы өзге де жұмыстарға жұмсалады екен. Айта кетсек, Абай облысындағы өрттен 15 адам қаза болды. Табиғи апатқа қатысты тергеу басталып, іс арнайы прокурорлардың өндірісіне қабылданған еді.

Оразай Нұртайұлы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Елімізде коммуналдық қызмет ақысы қымбаттайды

Новости партнеров