|
05.09.2022 | 19:35
2272

Қостанай облысында тұтанған алапат өрт тұрғындарды шығынға батырды

100-ден астам баспана өртеніп, қорадағы малдарына дейін тірідей жанып кеткен

Қостанай облысында тұтанған алапат өрт тұрғындарды шығынға батырды Almaty.tv

Қостанай облысында тұтанған алапат өрт тұрғындарды миллиондаған шығынға батырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

100-ден астам баспана өртеніп, қорадағы малдарына дейін тірідей жанып кеткен үй иелері қазір тек қалдықтарын жинап жатыр. Ал 100 гектар аумақта шаруашылығын жүргізіп отырған азаматтың шығыны 200 миллионға жетеді. 1 мың 200 тонна бидай сақталған қойма толығымен жанып кетсе, техникалары да түгі қалмай күлге айналыпты.

Аманқарағай ауылында 100-ден көп үй түгі қалмай өртенді. Тырнақтап жиған ақшаға алған малдары да тірідей жанып кеткен. Қазір меншік иелері сау қалған заттарын іздеп, жүк көлігімен қалдықтарын әкетіп жатыр. Үйлерінен айырылған адамдар Әулиекөл ауылындағы мектепке орналастырылыпты. Мұнда қазір 37 адам жатыр. Арасында кішкентай балалар да бар. Айтуларынша, туыстарының үйлеріне кетіп жатқандар да көп екен. Эвакуациаланғандардың ішінде Калинин мен Миялы ауылының тұрғындары да бар. Мұнда азаматтар үш уақыт тамақпен қамтамасыз етілген.

«Мына балалар жүгіріп жүрген жақсы көмектесіп, адамгершілігі мол. Сондай көмектесіп, жүгіріп жүр.  Бірдеме керек па? Ауырмайсыздар ма? Тамақ қажеттпе? қарындарың ашқан жоқ па?Жағдайды сұрап, жүгіріп жүр», – ауыл тұрғыны Фәруаз Әбдірахманов.

«Алапат өрттен Ербол Байдалиннің де шаруа қожалығы қатты зардап шеккен. 100 гектар аумақтан түк қалмапты. 14 бидай сақталған қойма жанған. Мың жарымға жуық тонна бидай жарамсыз болып қалды» дейді шаруа иесі. Оның үстіне есік алдындағы техникалар да күлге оранған. Қызыл жалыннан келген шығын көлемі 200 миллион теңгеден асады екен. Кәсіпкер 2016  жылдан бері шаруасын жүргізіп келеді. Бидай егіп, оны осында сақтап келіпті. Енді «өрттен аман қалған өнімін ешкім алмайды» деп қынжылады. Себебі бидай ыстанып кеткен.

«Осыдан 8 жыл бұрын 15 миллион теңгеге алған едім. Содан бері кей техниканы лизингке, кейбіреуін өз қаражатыма алып едім. Енді, міне, кәсібімнің түгі қалмай жанып кетті. Кеше жергілікті әкімдіктен мамандар мен сақтандыру компаниясының өкілдері келді. Шығынның көлемі 200 миллион теңгеден асады. Енді қалай қайта қалпына келтіретінімді білмеймін», – деді шаруа қожайыны Ербол Бердалин

Тілсіз жау қорадағы малдан бөлек, еркін жайылып жүретін бұғылардың өзіне де тиіпті. Байқұс 5 бұғы мына алқаптан шыға алмай қалса керек. Төрт аяқтылар тірідей жанып кеткен екен. Өртке оранған аумақта келтірілген шығын көлемі әлі есептеліп жатыр.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Қостанай облысынан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир