Жамбыл облысында тағы да қайғылы жағдай. Бірақ бұл жолы жарылыс емес. Жамбыл ауданының орталығында кәріз жүйесін жөндеген 3 қызметкер уланып, ауруханаға түскен. Салдарынан бір тұрғын қаза болды. Қайғылы жағдай туралы толығырақ Almaty.tv тілшісі Мерей Бает айтсын.
Қайғылы жайт Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылында болған. Ыбырай Алтынсарин көшесінен «Аса-Су» мекемесіне кәріз жүйесінің бітеліп, құдығынан тасып жатқаны туралы шағым түскен. Мекеме мамандары сонда барып, тазалық жұмыстарына кірісіпті. Кәріз құбырын жөндеуші Қалдыбек Базиев тереңдігі 4 метр болатын құдықта бітеп жатқан қалдықты көріп, сонда түседі. Бірақ есінен танып қалған соң, екінші, артынан үшінші қызметкер оны алып шықпақ болған. Ақырында үшеуі де газға уланады.
«Ол жағдайды сыртта тұрып көрген Қалмұратов маған бірден хабарласады. Сол уақытта мен келдім. Сөйтіп, осы көшеде жүрген жүргіншілерден көмек сұрап шығарды. Бұл жерге құдықтың ішіне түсуге келген жоқ болатын. Тасымалдауға келген. Тек қана ішіндегі суды арнайы техника ассенизатормен азайту керек болған. Ал бұлар жұмысты тез бітіреміз деген оймен өздері шешім қабылдап түсіп кеткен көрінеді», – деді «Аса-су» мекемесі директорының міндетін атқарушы Мамадияр Арғынбай.
Өкінішке қарай, уланған 3 қызметкердің бірі оқиға орнында қаза тапқан. Марқұмның дәл неден бақилық болғаны әзірге белгісіз. Сараптама қорытындысы әлі де шықпаған. Ал, ауруханаға жеткізілген екі қызметкер ыстықта бөлінген нәжіс иісінен улануы мүмкін дейді мамандар.
«Есі бар да, бірақ атын айта алмайды. Қайда жүргенін білмейді сондай боп келді. Ол газдың әсерінен болу мүмкін. Мына осы қақтақтардан зәрден шығады, нәжістен шығады. Сондай бір газдар бір жерге жиналып қалған кезде, соны ашқан кезде бірден ұрған газ солай әсер етеді», – деді Жамбыл аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Нұрлан Кезембаев.
Қазір уланған екі қызметкер ем алу үстінде. Ал, Қалдыбек Базиевті туыстары ақтық сапарға шығарып салды. Айта кетейік, 56 жаста өмірден өткен маман, 15 жыл осы мекемеде жұмыс істеген. Артынан 3 баласы қалды. Ал, мекеме басшылығы қаржылай қолдаудың болатынын айтуады.
Мерей Бает, «Алматы» арнасы, Жамбыл облысынан