Бүгін елорданың сол жағалауында дәмхана өртенді. Көпқабатты үйдің астында орналасқан асханаға қатысты тұрғындары мұндағы газ жүйесіне шағымданып, бұған дейін дабыл қаққанбыз. Бірақ елеген ешкім болмады дейді. Сонымен өрттің шығуына не себеп болды? Зардап шеккендер бар ма? Almaty.tv тілшісі айтады.
Бұл қою түтінге оранған тұрғын үйдің бірінші қабатында тамақтанатын орын бар. Өрт сол дәмхананың ас үйінен шыққан. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Мекеме сағат 11.00-ден бастап жұмыс істейді, ал жұмысшылары сағат 10.00-да келген.
«Сол жаңағы жүргізілген іс-шаралар бойынша өрттың шығу себебі мынау – болжам бойынша ас дайындайтын пештің түтін шығару құбырына май жиналған, содан тола бастаған ең бірінші. Ал нақты өрт шыққан себепті анықтау үшін біз өзіміздің сараптама жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өрттің неден шыққанын анықтайтын солар», – деді Есіл аудандық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Алмас Сүлейменов.
Тұрғындар бұрын дәмхана жұмысына арызданғанын айтып отыр. Себебі осыған дейін бұл тамақтанатын орында ас үйге арналған түтін шығатын құбырдың болмағанын жеткізді. Тұрғындар шағымданған соң ғана барып, өздеріне жеке құбыр орнатқан көрінеді. Сонымен қатар дәмхана сыртындағы газ баллонды алып тастасын деп те талай шағым айттық дейді
«Осындай үйде газгольдер тұр әрі астында мынадай үлкен ас үй дейміз, кафе дейміз, білеміз бәрі газбен пайдаланатынын. Қаншама қалада өрт болып жатыр. Соның жағдайының бәрін бұларда тексерген жоқ па? Неге осындай жағдайға біз тап болдық? Жазып жатқан активистеріміз бар, ешкім ештеңеге қарамайды», – деді қала тұрғыны Роза Нұрғалиевна.
«Басталғаннан кейін бір 10-15 минуттан кейін өрт сөндірушілер келді... Ал қазір үйге де бара жатқан сияқты. Біздің дүкен жанып жатыр. Тура жанында сол өрт болып, жатқан жерде пропан газ орналасқан. Жарылған жағдайда қазір өте қиын болады», – деді қала тұрғыны Еламан Мейірхан.
Төтенше жағдай басқармасы мамандарының айтуынша, мұндай мекемелер мораторий жариялағандықтан тексеруден босатылған. Өрттің нақты себебі енді анықталады. Дегенмен газ балоны мекеме ішінде емес, сыртында орналасқанын растады. Ал, бұл заңға қайшы емес деп отыр. Естеріңізге салайық, елордада бұған дейін де дәмхана қызыл жалынға оранып, адам шығыны болған еді.
Қаламқас Нысанбай