Көпқабатты ғимараттан өрт шықты: қызыл жалын 1200 шаршы метр аумақты шарпыды

Almaty.tv
Almaty.tv
Қазір қызыл жалынның неден шыққаны тексеріліп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Назарбаев даңғылының бойында орналасқан үйлердің бірінен өрт шықты. Тілсіз жау ғимараттың шатырын шарпып, ондағы жұмыс кеңселеріне зиянын тигізген. Қызыл жалыннан зардап шеккендер бар ма? Жағдайдың мән-жайын Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін анықтап қайтқан еді. 

Қаланың қақ ортасындағы аппақ ғимарат демде қара түтінге еніп, қызыл жалынға оранды. Дабыл түсе салысымен Назарбаев даңғылы 124 мекен-жайына төтеншеліктер дереу жеткен.

Алапат өрт түстен кейін сағат 15:00-дер шамасында басталған. Қызыл жалынды ауыздықтау әлі де жалғасып жатыр. Қазір орында құтқарушылар қызу жұмыс істеп жатыр. Барлық құрылғылар жұмылдырылған. Іштегі адамдар сыртқа эвакуацияланып, аумақ болған көше уақытша жабулы.

Куәгерлердің ақпарынша ғимараттың ең жоғары қабатында кафелер мен барлар бар. Абырой болғанда ешкім зардап шекпеген. Дегенмен ғимаратты жалға алып отырған жекеменшік компаниялардың мүлкіне зиян келуі мүмкін дейді эвакуацияланған кеңсе қызметкерлері.

«Иісін сездік, бірақ жанып жатқанын білмедік. Терезеге қарасақ, адамдар бәрі шығып кеткен. Заттарымыз ішінде қалып қалды», – деді куәгер, кеңсе қызметкері Айжан Әміреева.

«Шыққан кезде өрт басталды. Біз заттардың бәрін өшіріп, эвакуация жасап далаға шығып кеттік. Өрт шатырдан басталды», – деді куәгер, кафе қызметкері Дәулет Мейрамғалиев.

Міне қазір өздеріңіз көргендеріңіздей ғимараттың шатыры жерге қақырап түсіп, қирап жатыр. Мұндағы куәгерлердің сөзінше шатыр ескірген. Сондықтан жалын төбені бірден шарпып өткен дейді.

«Шатырдың өзі өте ескі. Біз осында 2-қабаттан кеңсе жалдаймыз. Өрт сол жақтан шығып, санаулы минутта өршіп кетті. Сыртқа шығып үлгердік», – деді куәгер Денис Лукенчук.

От көлемі 1200 шаршы метр аумақты қамтыған. Жауаптылардың сөзінше алғашқыда судың қысымы болмай, өрт сөндіру техникаларының өтуіне қаңтарылып тұрған көліктер қиындық туғызған. Соған қарамастан тілсіз жау 1 жарым сағаттан кейін ауыздықталды.

«Өртке 28 техника жұиылдырылды, 90 адам жұмыс істеді. Зардап шеккен адамдар жоқ. Өрт себебі анықталуда», – деді Қалалық ТЖД басқарма бастығы Ержан Құрманбаев.

Оқиға орнында арнайы штаб құрылды. Қазір қызыл жалынның неден шыққаны тексеріліп жатыр.

Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров