Нұр-Сұлтанда 16-қабаттан секіріп, мерт болған 16 жасар қыздың өліміне отбасыдағы жағдайлар себеп болуы мүмкін. Бұл туралы бүгін арнамызға оқушының сыныптастары айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
16 жасар жасөспірім өмірімен қош айтысу үшін дәл осы жерді таңдапты. 16 қабаттан секіріп кеткен дейді полицейлер. Тәртіп сақшылардың айтуынша, жеткіншектің өзімен бірге оның өлім алдындағы хаты да болған. Қыз бала онда «өлгім келеді, өлгім келеді» деп, бірнеше мәрте жазған екен. Ал өрімдей қызды бұл әрекетке не итермелегенін енді елордалық полиция департаментінің мамандары анықтайтын болады.
Аталған факт бойынша қазір «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабымен қылмыстық іс қозғалып отыр. Мәселенің ақ-қарасын тергеп жатқан тәртіп сақшылары ата-анасынан бөлек, өзіне қол жұмсаған оқушының ұстаздары, сыныптастары, тіпіті мектептегі психолог маманның да сұралатынын жеткізді.
«Кәмелетке толмаған қыздың құлап кету фактісі бойынша Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті ҚР қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргіздуде. Оқиғаның барысы анықталуда. Қазір де оқиға орнынан қыздың хаты табылды. Қажетті сараптамалар тағайындалды», - деді Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Эльмира ШАУЛЕНОВА.
Өзіне қол жұмсаған оқушы елордадағы №1 мектеп-лицейінің 11-сыныбында оқыған. Мектеп басшылығы қандай да бір сұхбат беруден үзілді-кесілді бас тартты. Білім ошағының ауласында көз жұмған қыздың сыныптастарын кезіктірдік. Олар болған сұмдыққа әлі де сене алар емес. Әбден абдыраған күйде. Көздерінде жас, көңілдерінде мұң.
«Шыны керек, бәріміз есеңгіреп қалдық. Оның қандай күйде жүргенін бәрі көрді. Алайда, еш шара қолданбады. Өте белсенді қыз болатын. Бірақ соңғы кездері қатты өзгерді, күңіреніп жүрді. Мектепке келгісі келмейтін, сабақтан жиі босататын. Бізге отбасымда қиындықтар бар деп еді. Енді міне осындай қайғылы жағдаймен аяқталды», - дейді сыныптасы Әмина ЕСІРКЕПОВА.
Кәмелетке толмағандардың өзіне қол жұмсау фактілері соңғы кездері тым жиілеп кетті. Осыдан бірер күн бұрын ғана, атап айтсақ, 30 қыркүйекте Ақтөбеде 13 жасар оқушы өз үйінде асылған күйі табылған болатын. Еліміздің құқықтық статистика комитеті берген дерек те көңіл көншітпейді. Анықталғаны, былтыр елімізде 178 жеткіншек суицид жасаған. Жағымсыз статистиканың көш басында Түркістан облысы. Онда 42 жағдай тіркелген екен. Екінші орында 18 қайғылы оқиға орын алған Алматы облысы тұр. Жас-жеткіншектердің өзіне-өзі қол жұмсау бойынша үштікті Қызылорда мен Жамбыл облысы түйіндейді. Ал биылғы жылдың тек 9 айында 130 жасөспірім өмірімен қош айтысқан.
«Тұрмыстық жағдайдың төмендігі, отбасыдағы ата-аналарымен қарым-қатынасының дұрыс болмауы, айналадағы ортамен қарым-қатынастың дұрыс болмауы осының бәрі жасөспірімдердің психикасына әсер етеді. Қыздар болса жүкті болып қалуы, болмаса тағы бір өзінің алғашқы махаббатының тастап кетуі салдарынан өзіне қол жұмсауға баруы мүмкін. Бұндай өмірлік жағдайлар жастардың өмірдегі тәжірибесі жоқ. Өмір бұнымен бітіп қалмайтынын түсінбейді», - дейді психология ғылымының докторы Балабек САҚТАҒАНОВ.
Маманның сөзінше, балалар суицидке көбіне 12 мен 17 жас аралығында барады. Дәп осы өтпелі кезде олардың өмірлік тәжірибесі жоқ, көп нәрседен хабарсыз болады, -дейді сарапшы. Сондықтан ата-аналар балаларымен жиі сөйлесіп, кез келген мәселені шешуге болатынын айтып түсіндіруі қажет. Қандай да бір түйткілді ашық талқылап, барынша қолдау көрсеткені абзал. Мектептегі әлеуметтік педагогтар мен психологтардың да оқушыларға көбірек көңіл бөлгені жөн.
Салтанат Нысанбек, Азамат Кәкенов, «Алматы телеарнасы»