Жамбылда жарылыстан қаза тапқандар жер қойнына тапсырылды

Жамбылда жарылыстан қаза тапқандар жер қойнына тапсырылды
Бір әскери қызметкердің соңғы жұмысына сәйкес 5 жылдық айлығы төленеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысындағы жарылыстан қаза тапқандар жер қойнына тапсырылды. Оған өңір басшысы Бердібек Сапарбаев пен министрлік өкілдері қатысты. Туған туыстарына көңіл айтып, отбасыларына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді. Мәселен бір әскери қызметкердің соңғы жұмысына сәйкес 5 жылдық айлығы төленеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Егер де олардың қызметтік пәтері болатын болса, ол қызметтік пәтері заңға сәйкес жекешелендіруге жататын болса, оны жекешелендіруге болады. Қайтыс болған азаматты жерлеу рәсіміне тиісті қаржы бөлінеді», – деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев.

Жамбыл облысындағы жарылыс салдарынан болған өрт толығымен ауыздықталды. Бұл туралы Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев хабарлады.

«Біз бара жатқан әскери бөлімнен мәлімет келді. «Біз өрт сөндіріп жатырмыз, бізге көмек керек» деген. Әскери қызметкерлер телефон шалып айтқаннан кейін біз  жарылыстың қару-жарақ сипатында екенін білмедік. Бізге олардың жұмыс істеп жатқаны жеткілікті болды. Содан кейін біз де көмекке бардық», – деді Жамбыл облысы ТЖД өот сөндіру қызметі бастығының орынбасары Әлібек Абсатов.

Жарылыс болғаннан кейін өрт сөндіру кезінде жоғалып кеткен қызметкерлер іздестіріліп жатыр. Оларды үйінде біреуінің жұбайы, біреуінің ата-анасы, ал біреуінің кәмелет жасына да толмаған баласы күтіп отыр.

«Әділет Әділбеков 1997 жылы туған жігітті іздейміз. Кеше сағат 18:00-де бері жоқ. Көрген-білгендеріңіз болса хабарласуларыңызды өтінеміз», – деді Жамбыл облысының тұрғыны Ұлжан Ибраимова.  

Бұл – жарылыстан көз жұмған сержант Марат Мешінбайдың үйі. 1981 жылғы азамат 24 тамызда туған. 4 күн бұрын 40 жасқа толған еді. Енді зейнет жасына шығып, бейнетінің зейнетін көретін жасқа келген кезде қызмет бабында көз жұмды. Артында 3 баласы қалды. Үлкені 14 жаста болса, кішісі әлі 5 жасқа да толмаған.

«Жаным-ау, оның орны толмайды ғой. Артында шырылдап бала-шағасы, бауырлары қалды. Қырық жасқа 24 тамыз күні толған еді, 27-сі күні таңңертең қаралы хабар келді», – деді М. Мешінбайдың анасы Қымбатгүл Әлібаева.

Байзақ ауданындағы қара жамылған тағы бір отбасының бірі – Еркін  Нәдірбеков. Бұл қайғы оның анасына қатты батып отыр. Себебі ол – бір үйдің жалғыз баласы. Артында кәмелетке толмаған төрт баласы мен әйелі қалды.

«Осы апат орын алған кезде ол өзінің ең бірінші міндеті санап, өртпен алысып, жанын қиды», – деді Е. Нәдірбековтің әпкесі Гүлшара Нәдірбекова.

Ауруханадағы ахуалға оралайық. Қазір Тараз қалалық №1 ауруханада 28 адам ем қабылдап жатыр. Ал әскери госпитальде 7 адам бар екен. Жарылыс салдарынан қаза тапқандар саны 13 адамға жетті. «Ауруханада жатқан екі адамның жағдайы аса ауыр деп бағаланып отыр» деді бас дәрігердің орынбасары. Сәкен Жұмашевтың айтуы бойынша, жарылыс кезінде олардың денесінің 50-80 пайызын күйік шалған.

Қазір арнайы штаб өкілдері шығындар мен жарылыс салдарын  зерттеп жатыр. Арнайы комиссия күні-түні демалыссыз жұмыс істеуде. Төтенше жағдай болған ауыл қазір тыныш, біраз саябырсыған. Мамандар да жұмыстарын жүйелеген.

Ұлағат Арғын, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров