Алматы облысында үйіне көгілдір отын кіргізбекші болған 70 тұрғын алаяққа алданып қалды

almaty.tv
almaty.tv
Бүгін алданған адамдар газ компаниясының кеңсесіне басып кірді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында үйіне көгілдір отын кіргізбекші болған 70 тұрғын алаяққа алданып қалды. Іле ауданының тұрғындары жылу жүргіземіз деп жинап отырған бар ақшасын әккі азаматқа табыстаған. Енді ақша да, орнатылған газ да жоқ. Бүгін алданған адамдар газ компаниясының кеңсесіне басып кірді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.

Іле ауданының тұрғыны Арман Оспанов өзінің алданып қалғанына әлі де сене алар емес. Қолында газға төлеген ақшасының шоты болса да, көгілдір отын әлі жоқ. Тұрғынның сөзінше бірнеше ай бұрын Рустам есімді азамат тез уақыт аралағында үйге газ тартып беремін деген. Қуанып кеткен Арман мұны көршілеріне де айтып олар да ақша жинап беруге келісіпті. Не керек, үш үйден 800 теңге жиналып оны Рустамға тапсырыпты. Арасын суытпай мамандар келіп жұмысты бастап та кеткен. Бірақ бірнеше апта өткен соң жұмысшылар істі тастап, сол күйі бой көрсетпепті.

«15 күнде газ құбырларын тартты. Арнайы есепшот та қойып кетті. Сосын холдинг арқылы пломба қоямыз, олар келіп техникалық төлқұжат жасайды деді. Мен оған сеніп екі үй үшін 500 теңге ақша төледім», – деді Іле ауданының тұрғыны Арман Оспанов.

Арман сияқты тағы 70-тей адам алаяқтың құрбаны болған. Тұрғындардың сөзінше, әккі азамат жұрттың сеніміне әбден кіріп алған. Сан соғып қалған халық бүгін Боралдай ауылындағы компанияның кеңсесіне ағылды. Зардап шеккендерге компания қызметкерлері газды 90 күннен кейін тартуды немесе Рустам деген адамның өзіне хабарласуды ұсынған.

«Үш ай күтесіз. Үш ай күткенше, сіз мына нөмірге звондаңыз. Осы жігіт сізге 15-ақ күнде құрып береді деді. 5-6 жылдай ол баланы таниды елдің бәрі», – деді Іле ауданының тұрғыны Нұржамал Кәкімова.

«Газда 5-6 жыл істеген. Қазір газдағылар айтады біз оны танымаймыз. Соңғы бір жыл болды ол шығып кетті дейді. Мәселе сода болып тұр. Бұл кісінің нөмірін газда ресми істейтін адамдар берген. Қыздар шығып кеткен жұмыстан», – деді Іле ауданының тұрғыны  Есенболат Хұсаян.

Бүгін адамдар сол газ тартумен айналысатын мекеменің алдына келді. Компания Қаскелеңде орналасқан. Алданған халық алдына мекеменің директоры шығып, Рустам деген адамның бұл ұйымға еш қатысы жоғын алға тартты.

«Ол біздің компанияда мүлде жұмыс істемеген. Мүмкін 2-3 жыл бұрын көмектесу үшін қызмет кеткен шығар. Бірақ ол қазір еш жерде тіркелмеген. Бірақ біреуге ақша берерде сәл ойлану керек қой. Квитанция, келісім-шарт бермеген адамға қалайша сенуге болады. Қазір енді бір шешімін табуға тырысамыз», – деді газ компаниясының директоры Василий Тен.

Көп ұзамай Боралдай ауылының әкімі де осы жерден табылды. Ол мәселе бақылауға алынғанын жеткізді. Бірақ оған қазынадан қаржы бөлінбеген.

«Біз енді компания бастаған ісін аяқтап берсін дегенді ұсынып отырмыз. Мүмкін тұрғындар газ ақшасын бөліп төлеп өтей ме, ол жағын қарастыру керек. Қомақты сома болғандықтан, компания кеткен шығынды мойнына алмайды», – деді Боралдай ауылының әкімі Данияр Қоңырбаев.

Тұрғындар полицияға арыз жазып үлгерген. Қазір алдап кеткен азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал елдің базынасы қашан толық шешілетіні әзірге белгісіз.

Назкен Еркін, Рамина Мирзалимова, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы

Новости партнеров