Мәжіліс депутаты Елдос Абақанов Нұр-Сұлтан қаласындағы «Үркер» тұрғындарымен кездесті. Референдум аясында өткен кездесуде депутат Ата заңға енгізілетін өзгерістер мен түзетулер туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп, өзгеріске ұшырайтын әр баптың маңыздылығына тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Конституциялық реформа аясында Ата заңның әрбір үшінші бабы өзгереді деп жоспарлануда. Референдум – қоғамның жалпы көзқарасын, пікірін тануға, саяси біліктілігін арттыруға, қоғамның түйткілді мәселелерін қарастырып, оңтайлы шешім шығаруға арналған жүйе. Менің ойымша, Конституциялық өзгерістерден кейін халықтың мемлекеттік басқарудағы рөлі күшейеді. Бұл нағыз халық үніне құлақ асатын мемлекеттің басты ұстанымдарының бірі. Сондықтан әрбір азамат референдумға қатысып, дауыс беруі өте маңызды", – деді Елдос Абаканов.
Қатысушылар референдумды қолдайтындықтарын айтып, ауылдың тыныс-тіршілігіне қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Осы күні Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров Қазақстан Халық партиясы Қарағанды облыстық филиалының активімен жүздесті. Әңгіме барысында депутат республикалық референдумның халық үшін маңыздылығына тоқталды.
"Конституцияға енгізілетін түзетулердің ішінде құқық қорғау тетіктері мен институттарын күшейтуге қатысты өзгерістер әрбір қазақстандық үшін маңызды. Атап айтқанда, Ата заңда адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесін бекіту, азаматтардың кез келген конституциялық құқықтарын бұзғаны үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын бұлжытпай бекітетін конституциялық сот құру. Мұндай конституциялық реформалар еліміздің демократиялық, құқықтық және жалпыадамзаттық құндылықтарды ұстанатын мемлекет ретіндегі беделінің өсуіне ықпал ететін болады", – деп атап өтті Айқын Қоңыров.