Елімізде жаңа Конституция жобасын қабылдау жөніндегі жалпыұлттық референдумның аяқталуына санаулы минуттар ғана қалды. Қазіргі мәліметке сүйенсек, Алматыда саяси науқанға қатысып, азаматтық ұстанымын білдірген тұрғындардың үлесі 33 пайызға жуықтаған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Еліміздегі саяси науқанның аяқталуына санаулы минуттар ғана қалды. Соған қарамастан, Қазақ ұлттық аграрлық университетіндегі №378 референдум учаскесінде дауыс беруге келген азаматтар әлі де жетерлік. Учаскелік комиссия ұсынған мәліметке сүйенсек, Абай, Достық, Назарбаев даңғылдары мен Сәтпаев көшесінде орналасқан 23 үйдің тұрғыны осы жерде өз таңдауын жасайды. Жалпы тізім бойынша 1792 азамат тіркелген. Соның 52 пайызы жастар екен. Осыдан бірер минут бұрын референдум учаскесінің төрағасы Әсима Ералиевадан қазіргі жағдай туралы сұрап білген едік.
«Біздің 378 учаскелік референдум комиссиясында дауыс беру өте қарқынды жүріп жатыр. Дауыс беру процессін 9 бақылаушы бақылап отыр. Барлық жұмыс заң талаптарына сәйкес жүргізілуде. Денсаулығына байланысты үйінен дауыс бергендер саны – 6, есептен шығарылғандар саны – 1», – деді № 378 референдум учаскесінің төрағасы Әсима Ералиева.
Айта кетейік, соңғы жылдары елімізде наурыз мейрамы 10 күн бойы тойланып келеді. Бүгін саяси науқанмен қатар Қайырымдылық күні өтіп жатыр. Сондай-ақ жалпыхалықтық референдумда өзге өңірден келген азаматтар да өз таңдауын жасай алады. Ол үшін есептен шығару куәлігін көрсету жеткілікті.
«Референдумға дауыс бердік. Бұл – ең маңызды шешім деп білемін», – деді қала тұрғыны Ержан Жолдас.¤
Еске сала кетейік, таңғы сағат 7:00-де есігін айқара ашқан шаһардағы 653 референдум учаскесі сағат 20:00-де өз жұмысын тоқтатады. Одан соң дауыстарды санау басталады.
Оқи отырыңыз: Атырауда 10 мыңнан аса мұнайшы таңдауын жасады