Алматылықтар саяси науқанға белсенді қатысты

Алматыда 653 дауыс беру учаскесі жұмыс істеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы жұртының 33 пайыздан астамы референдумда өз таңдауын жасады. Орталық референдум комиссиясының мәліметіне сәйкес, оңтүстік астана халқының саяси науқанға қатысу деңгейі 2024 жылы өткен алдыңғы референдуммен салыстырғанда айтарлықтай жоғары, деп хабарлайды Almaty.tv.  

Алматыда 653 дауыс беру учаскесі жұмыс істеді. Шаһар тұрғындарының 1 миллион 311 мыңнан астамы өз таңдауын жасауға құқылы болды. Олардың қатарында 20 мың студент пен 4 мың әскери қызметші бар. Сонымен қатар алғаш рет дауыс беретін 52 мыңнан астам жас тіркелді. Ел тарихындағы аса маңызды саяси науқанға алматылықтардың 33,43 пайызы қатысқан.

«Өмірімде бірінші рет таңдауымды жасадым. Әр дауыс Қазақстан елінің болашағын айқындайтынын терең сезініп отырмын», – деді  қала тұрғыны Арслан Асқарұлы.

Сондай-ақ дауыс берушілердің қатарында қала әкімі, мемлекет қайраткерлері, ғалымдар, өнер майталмандары мен түрлі сала мамандары бар. Бәрінің мақсаты бір – ел болашағын айқындайтын шешуші сәтте өз ұстанымын білдіру.

«Сайлау учаскесінде жастар да бала-шағасын ертіп, ағылып келіп жатыр. Мені қуантады. Ат төбеліндей халықпыз, маңызды іс-шараларға бәріміз де атсалысуымыз керек. Азаматтық борышым көзқарасымды білдірдім», – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жанар Айжанова.¤

Одан бөлек, қала билігі ел өміріндегі саяси маңызды күнде мегаполис тұрғындары үшін тегін қоғамдық көлік қызметін ұйымдастырды. Ол алматылық азаматтардың референдум учаскесіне жету үшін қала ішінде еркін қозғалуына мүмкіндік берді. Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін қолайлы жағдай жасалды. Күні бойы бас-аяғы 170 инватакси жұмыс істеген. Оның 134-і жеңіл автокөлік, ал 36-сы арнайы жабдықталған көлік құралы болды.

«Мен – қазақ елі, қазақ жерінің патриот қызы боламын. Осындай саяси шарадан ешқашан қалмаймын. Дауыс әрқашан беремін. Бізге инватаксидің көп көмегі бар, ол – өте маңызды», – деді қала тұрғыны Бәтима Сағынғалиқызы

 Референдумда өз таңдауын жасау үшін келген ерекше кейіпкерлер де болды. Саяси науқан алаңында батырлар бой көрсетіп, әжелер хоры өнерін паш етті. Айта кетейік, Алматыдағы барлық учаскеде дауыс беру кешкі сағат 20:00-де тоқтатылды.

 Гүлмарал Изатқызы, Мақсат Күнібек

Оқи отырыңыз: Алматыда референдум тұрақты әрі тыныш өтті - Рафаэль Гасанов

Новости партнеров