Комиссия дерегінше, ең көп дауыс Түркістан облысына тиесілі
7 миллион 900 мыңнан астам адам жаңа Конституция жобасын жақтап дауыс берген. Бұл дауыс берушілердің 87,15 пайызы. Орталық референдум комиссиясы дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оған сай, 898 мың 99 азамат жаңа құжатты қолдамаған. Ал жауаптардың екі нұсқасы да таңдалған, яғни жарамды деп танылған, бірақ есепке алынбаған бюллетеньдер саны – 127 868. 146 мың 558 дауыс беру парағы жарамсыз болып қалған.
Комиссия дерегінше, ең көп дауыс Түркістан облысына тиесілі. Аймақта 997 мыңнан астам адам таңдауын жасаған. Одан кейін, Алматы облысы – 735 496. Үшінші Қарағанды облысы. Өңірден 638 мыңнан аса азамат дауыс берген.
Айта кетейік, бұған дейін референдумға 12 миллион 500 мыңға тарта азаматтың қатысу құқығы бары хабарланған.
«Республикалық референдум туралы заңнаманың нормаларына сәйкес, егер референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткізілген деп саналады. Республикалық референдумға шығарылған мәселе бойынша шешім егер оны жақтап, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, «қабылданды» деп есептеледі», –деді Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Оқи отырыңыз: ИЫҰ Қазақстандағы референдум процесін жоғары бағалады